«Айбын-2026»: жас сарбаздар сынға түсті
Шымкент қаласында жастар арасында «Айбын-2026» әскери-патриоттық сайысының қалалық кезеңі басталды.
Ауқымды шараға жүзге жуық мектеп оқушысы мен колледж студенті қатысуға өтініш беріп, өзара бақ сынауда. Сайыстың негізгі мақсаты – жас буынның әскери даярлығын жетілдіру, патриоттық рухын көтеру және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу.
Ақтас арнайы оқу-жаттығу полигоны нағыз тартыс алаңына айналды. Мұнда техникалық, кәсіптік және орта білім беру мекемелерінің 15 пен 17 жас аралығындағы білім алушылары әскери даярлықтан өзара бақ сынасты. Командирдің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, тәртіп пен талапқа сай шеберлік көрсетті.
Жасұлан Насрадин, колледж студенті:
- Әскери өмірдің қиындығын, қызығын сезіну үшін өзіміздің борышымызды өтеуге қазірден дайындалып жүрміз. Бұл жарыста ұтамыз деп ойлаймыз. Біз өзіміздің нәтижемізге сенеміз. Балалардың бәрі қатты қарқынмен дайындалды.
Сарбаз сыны сап түзеуден басталды. Қалалық сайысқа жоғары дайындықпен келген жастар белтемірге тартылудан күш-қуатын көрсетті. Ал қаруды бөлшектеп-жинаудан шапшаңдығын байқатты. Сонымен қатар, қорғаныс киімін кию кезіңінде де әрбір секунд есепке алынды.
Алаңда жас сарбаздардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсті. Кедергілер жолағынан өту барысында олардың тек физикалық дайындығы ғана емес, жеңіске деген құлшынысы да айқын байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар болашақ Отан қорғаушылардың мінезін шыңдап, табандылық пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Әскери-патриоттық сайыс екі күнге созылады. «Басты мақсат жастардың жауынгерлік даярлығын шыңдап, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру»,-дейді сала мамандары. Ең әуелі олардың дұрыс таным деңгейін қалыптастыру үшін теориялық білім беріліп, арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Азамат Парманов, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Бұл іс-шара аясында біз колледж, мектептегі жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кездесулер өткіздік. Ол жерде әскери қызметкерлер, соғыс ардагерлері де болды. Сол іс-шараның жалғасы бүгін осы жерде өтіп жатыр. Басты мақсат жастарды әскери-потриоттық рухпен тәрбиелеу, жастарды отансүйгіштікке үйрету.
«Айбын-2026» сайысының қорытындысы бойынша үздік үш команда анықталып, жүлделі орынға ие болады. Сонымен қатар жекелей сында жоғары нәтиже көрсеткен 30 қатысушыны бағалы сыйлықтармен марапаттау жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов