Төрт түлікке вакцинаны уақытылы салу керек
Малдың көптігі жақсы, бірақ саулығын да ойлау керек.
Төрт түлікке дер кезінде екпе жасамаған мал иесі айыппұл төлейді.
Себебі белгілі санитарлық талапты сақтамаған шаруа қожалығы қатерлі індеттің ошағына айналуы мүмкін. Қазір мал дәрігері өтінімді онлайн қабылдауға көшкен. Заманауи технология қызмет сапасын арттырады. Уақытты да үнемдейді.
Қуаныш Қалыбаев Ақтөбенің төңірегіндегі Жаңа Қоныс, Қурайлы ауылдарындағы төрт түлікке жауапты. Мал дәрігері жылына екі мезгіл қан алып, екпе салады. Санитарлық талапқа сәйкес 3 айға толған төлдің барлығына вакцина егілуі тиіс.
Қуаныш Қалыбаев, мал дәрігері:
- Екпе жұмыстары аусыл ауруына қарсы, қарасан ауруына қарсы ірі-қаралардағы, жас малдар. Мына сібір жарасы, пастерелез. Сондай қатерлі 13 ауру түріне қарсы біз екпе жұмыстарын жүргіземіз.
Бұл жолы сүтті сиыр бағып отырған шаруа қожалығынан сырға салуға өтінім түскен. Мамандар төлді есепке алып, бұзаудардың жай-күйін бақылайды. Сырттан қосылған жануар болмаса, жергілікті төрт түлік қатерлі індеттен дін аман дейді. Себебі дер кезінде ем-дом жасалады.
Нұрғиса Жонисов, шаруа қожалығының басшысы:
- Қазір "төрт түлік" деген программа ашылды. Бұрын заявка беретін едік. Қазір телефоннан заявка береміз. Мынадай бұзау туып жатыр, мынадай бмал бар деп. Соған келіп өздері сырғаларын салады. Сосын вакцинасын заявка бойынша өздерінің жоспарлы жылына екі рет келіп вакцина егеді.
Дегенмен, былтыр Ақтөбе облысында уақытында вакцина салдырмаған 15 қожалық иесі анықталды. Мал дәрігерлері бірнеше мәрте ескерткенімен екпені кешіктірген. Сондықтан олар 3 млн 300 мың теңге айыппұл төледі.
Әлібек Бақтияров, облыстық ветеринариялық бақылау-қадағалау инспекциясы басшысының орынбасары:
- Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 406-бабына сәйкес онда үшінші тармағы бар арнайы ветеринариялық іс шараларды жүргізбеу немесе тиісінше жүргізбеу деген бар. Сол бапқа, тармағына сәйкес жеке тұлғаларға 25 мрп қарастырылған. Ал кәсіпкерлік субъектілеріне 125 мрп қарастырылған.
Мобильді қосымша арқылы мал басының электронды құжатын рәсімдеп қана қоймай қан тапсыру, екпе салу кестесін де қадағалап отыруға болады. Мал дәрігерлеріне өтінім беру де оңтайландырылған. Сондықтан ем-дом шараларын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік мол.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов