Қазақстанда такси қызметі қатаң қадағаланады
Елімізде такси қауіпсіздігін бақылау күшейтілуде. Енді хабарламаларға автомобиль туралы дерек қосылады, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгерістер енгізді. Енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті.
Сонымен қатар жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда немесе жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопарк жаңартылған жағдайда, өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұрынғы тәртіп бойынша тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын.
Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі және шығарылған жылы туралы мәліметтермен толықтырылды.
Бұл шара жолаушылар тасымалы қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел анықтауға, сондай-ақ нарықтағы заңсыз қатысушылар үлесін азайтуға мүмкіндік береді.