Ойын алаңдары қаншалықты қауіпсіз?
Балаларға арналған ойын алаңдары қаншалықты қауіпсіз? Бүгінде ел аумағында 70 мыңнан аса сауда нысаны іске қосылған.
Олардың басым бөлігінде бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді. «Алайда ондағы қызмет көрсету деңгейі мен баға саясаты бірізділіктен алшақ, санитарлық талаптар да жіті сақталмаған», - дейді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов. Өткен аптада Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен, ойын алаңдары қызметкерлерін кәсіби даярлықтан өткізу қажеттігін, сондай-ақ лицензия беру тәртібін қатаңдату керектігін де жіпке тізген еді. Бұған негіз де жоқ емес.
Қатер аяқ астынан. Өткен жылдың тамыз айында орын алған оқиғаны Нұрсұлтан Батырбеков қорқынышпен еске алады.
Нұрсұлтан Батырбеков, Астана қаласының тұрғыны:
- 24 тамыз күні достарымызбен бір кафеде отырғанбыз. Балаларымызды балалар алаңына ойнауға жібергенбіз. Баланың жылауын естідік. Әткеншектен құлаған екен. Сонда ішінде профиль құбыры астында ашық қалған. Ол жабық болуы керек. Бетон полдар ашық тұрды. Кез келген бала құласа, жарақат алады. Баламыз соған құлаған. Жарасы ашық, қан ағып, жылап тұрғанда бізге кафенің әкімшілігі келіп, ештеңе сұрамаған.
Дәмхана қызметкерлерінен қайыр болмаған соң, отағасы өзі жедел жәрдем шақырып, дереу ауруханаға барған.
Нұрсұлтан Батырбеков, Астана қаласының тұрғыны:
- Қан тоқтамай, басын тіктірдік. Содан кейін біз оларды сотқа бердік. Өйткені олай жасауға болмайды. Басқа бір бала құласа, мүгедек қылуы мүмкін.
Кейіпкеріміздің сөзіне сенсек, аталмыш кафеде ұқсас жағдай бұған дейін де бірнеше мәрте тіркелген. Алайда заңдық тұрғыдан жәбірленушілердің ешқайсысы сотқа жүгінбеген соң, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Нұрсұлтанның арызы да, арада жарты жылдан астам уақыт өтсе де, шешімін күткен күрмеулі мәселелер қатарында. Балалар ойын алаңындағы оқыс жағдайдың бірі осыдан он күн бұрын Орталық саябақта да тіркелді. Бүлдіршіндерге арналған аттракционның бір кабинасы істен шығып, қозғалыс кезінде құлап кеткен.
Нұржан Нұрғабылов, Астана орталық саябағы басқарушы директорының орынбасары:
- Негізі бұл аттракцион іске қосылар алдында техникалық тексерістен өткен. Ешқандай шағым болған жоқ, барлығы жақсы жұмыс істеп тұрды. Оқиға болған күні де таңертең механик мамандар қарап шыққан. Алайда оқыс жағдайдан соң тексеріс кезінде биссерлі алқаның құрылғыға абайсызда кіріп кеткенін анықтадық. Біреу әдейі лақтырды ма, жоқ па білмедік, алайда, аттракционның жұмысына кедергі келтірген де сол.
Кабина құлаған сәтте ішінде 4-5 жасар екі бүлдіршін отырған. Абырой болғанда, олардың денсаулығына еш зақым келмеген. Дей тұрғанмен ата-аналары бірден арыз жазған соң, саябақ қызметкерлері балаларға арналған барлық ойын құрылғыларын қарап, ақауларын ретке келтіріп, қосымша сақтандыру тетіктерін орнатқан.
Нұржан Нұрғабылов, Астана орталық саябағы басқарушы директорының орынбасары:
- Біздің паркте 30-дан астам механикалық аттракцион бар. Оның жетеуі эстремалды түрде, ал 20-дан астамы отбасылық ойын-сауықтық форматта құралған. Әр маусымның алдында, тіпті әр күн сайын таңертең біз оларды жіті тексерістен өткіземіз. Мәселен, ертең жаңа динозаврлар паркі ашылмақ. Онда 60 аниматрониск қойылған, яғни тұрғындарға қимылдайтын динозаврларды ұсынамыз. Қауіпсіздік талаптарының барлығы сақталады.
Демек саябақтағы аттракциондар тікелей жергілікті әкімдіктің бақылауында. Тұрғын үй аумағындағы ойын алаңдары да алдымен, мердігер компанияның, одан соң әкімдік мамандарының жіті назарында. Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, бүгінде Астанада 2 мың 200-ден астам балалар ойын алаңы бар.
Нариман Ахметов, Сарыарқа аудандық абаттандыру бөлімінің бас маманы:
- Техникалық регламентке сай әр абаттандыру элементінің өзінің сертификаты болуы тиіс. Мысалға, айтып өтсек, бұл ЕАЭС сертификаты. Абаттандыру барысында яғни әр элементтің арасында 2 метр арақашықтық болуы тиіс. Үшінші мәселе ол – балалар алаңының жабыны. Яғни міндетті түрде қазіргі қолданылатын резеңке жабынын міндетті түрде біз төсейміз. Қыстан шыққан мезгілде міндетті түрде аулаларды аралаймыз, қараймыз сапасын, ақаулардың бар-жоғын анықтаймыз.
Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін тұрғын үйлердің көп бөлігіне бейнебақылау жүйелері орнатылған. Ата-ана баласының қайда, не істеп жүргенін бірден бақылай алады. Ал сауда ойын-сауық орталықтарында ше? Тексеріс қаншалықты жиі жүргізіледі? Бақылау кімнің қолында? Бақылау тек сол сауда орталығының және ойын-сауық алаңы басшылығының қолында. Өйткені әкімдік маманының сөзінше, әлі күнге дейін әкімдікке де, ешбір министрлікте тікелей бақылау құзыреті берілмеген. Демек ондағы баланың қауіпсіздігі ата-ананың ғана қырағылына кеп тірелетіні анық.
Авторлары: Назым Кенжебай, Абдулхамит Бөлекбаев