Баспана құрылысының жоспары 51,4% орындалды
Биыл елімізде шамамен 16 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жауаптылар бұл жоспардың артығымен орындалуы бек мүмкін деп болжап отыр.
Мемлекет басшысының 2023-2029 жылдар аралығында жалпы ауданы 111 млн шаршы метр баспананы пайдалануға беру туралы сайлауалды бағдарламасы қаперімізде. Осыған сәйкес, бүгінде бұл жоспар шамамен 52 пайызға орындалды.
Биыл 167 мың пәтер немесе 18,5 млн шаршы метр баспана тапсырылуы мүмкін. Бұл – жоспардағы көрсеткіштен шамамен 2,5 млн шаршы метрге көп.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған дерекке сәйкес былтыр 20,1 млн шаршы метр немесе 185 мың пәтер қолданысқа берілді. Алдыңғы жылы 19 млн, ал 2023 жылы шамамен 18 млн шаршы метр тапсырылды. Биыл 1 тоқсан қорытындысы бойынша 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 37 мыңнан астам пәтер. 4 айдың қорытындысы бойынша меже 5 млн шаршы метрден асуы бек мүмкін.
Амантай Телқожа, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
- Астана қаласы бойынша биылғы жоспар 4,8 млн шаршы метр. Алайда бас жоспарды сәйкестендіру жұмыстарына сәйкес және инфрақұрылымға жүктемені азайту мақсатында пайдалдануға беру жоспарын төмендету мәселесі қазір қаралып отыр. Сонымен төмендеуі мүмкін қазіргі уақытта.
Құрылыс қарқыны жоғары қалалар мен өңірлер
Биыл алғашқы 3 ай қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны әдеттегідей Астана мен Алматы қалаларында жоғары. Тиісінше, 1,1 млн және 754 мың шаршы метр. Ал өңірлер бойынша көш басында Алматы және Ақтөбе облыстары тұр. Сәйкесінше, 269 мың және 205 мың шаршы метр.
Амантай Телқожа, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
- Құрылыс қарқыны ең көбі Астана қаласы айтып өткенімдей. Алдыңғы жылы олар шамамен 4 млн-нан астам шаршы метр пайдалануға берді. Урбанизацияға сәйкес түрлі себеп бар. Одан кейін жұмысшылар бас қалаларға көп келеді. Сол себепті құрылыс қарқыны үлкен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құрылыс қарқыны Ақмола және Атырау облыстарында төмен.
Биыл жыл басынан бері баспана нарығындағы сауда сәл тұралап тұр. Сала сарапшыларының сөзінше, кейбір өңірлерде бастапқы нарықтағы баға бір жыл ішінде жоғарылаған. Ал Петропавлда пәтер құны қаз қалпында сақталған. «Қазақстан құрылысшылар одағы» қалалық филиалының директоры Вячеслав Лазарев осылай дейді.
Вячеслав Лазарев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» ЗТБ қалалық филиалының директоры:
- Биыл 4 ай қорытындысы бойынша баға орта есеппен 7,5 пайызға өскен. Жыл соңына дейін тағы 15-20 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам бар. Алайда бұл салада нақты болжам жасау өте қиын. Өйткені баға құбылмалы. Әлбетте ірі қалаларда пәтердің шаршы метр құны түсе қоймайтыны белгілі.