Отан қорғау – қасиетті борыш!

Отан қорғаушылар күніне орай Түркістан қаласындағы Ұлттық ұланның 55/74 әскери бөлімінде патриоттық іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға ардагерлер, Қорғаныс істері жөніндегі департаменті-нің басшы құрамы, аумақтық қорғаныс бригадасы, Ұлттық ұлан әскерлері мен жас сарбаздар қатысты. 

Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті туған жерді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. «Батыр бабаларымыз ел үшін жан қиып, тәуелсіздікті бізге аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның міндеті»,-деді.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Еліміздің тарихында ерлік пен отаншылдық қасиеттер әрдайым биік тұрған. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянбайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан жастарымыздың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру – аса маңызды.

Жиын барысында өңір басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады. Отаншылдық дәріптелген іс-шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметтің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Одан кейін жиналғандар заманауи әскери техникалардың көрмесін тамашалады.

Балқия Нұрдәулет, бөлім командирінің орынбасары:

- Бізге жаңадан 9 автопатруль берілді және 5 әскери көлікпен қамтамасыз етілді. Ол су тасымалдау, жанармай және жеке құрамдаы тасымалдауға брондалған кіші автобус және тылды қамтамасыз етуге арналған Самосвал Howo маркалы көліктерімен қамтылды. Қазіргі таңда әскери бөлімнің жеке құрамына бекітілген қару-жарақ пен оқ-дәрілер жауынгерлік қолданысқа дайын.

Өткен жылы Түркістан облысынан 5 мыңдай жігіт әскер қатарына қосылды. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, өңір жастары Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын толықтырады. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш