Қостанайда әскерилер марапатталды

Қостанайдағы 66/97 әскери бөлімінде Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара өтті.

Жиында азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздар марапатталып, бірқатарына кезектен тыс әскери шен тапсырылды.

Әскери қызметшілердің жоғары жауынгерлік рухы мен кәсіби дағдысы ел тыныштығы мен бейбіт тірлігіміздің кепілі. Жаңа Атазаңымызда айқындалған әділеттілік, заң үстемдігі және тәртіп әр азаматтың, әсіресе әскерилердің басты бағдары болуы тиіс.

Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп идеологиясы, әділетті Қазақстан құрудың өзегі. Бұл қағида әр азаматтың санасында орнығып, қоғам өмірінің барлық саласында берік орнауы тиіс. Тәртіп пен заңға адалдық нағыз жауынгердің айнымас серті.

Ұлттық Ұланның Қостанайдағы әскери бөлімі - үздіктердің қатарында. Мұнда 500-ден астам жауынгер азаматтық міндетін өтеп жатыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде олардың еңбегі ерен. Солардың бірқатарына мақтау қағазы табыс етілді.  

Әлинұр Тойбек, 6697 әскери бөлімінің сарбазы:

- Бүгінгі марапат мен үшін өте маңызды. Мен үшін үлкен жетістік, нәтиже деп есептеймін. 

Ескендір Сараубеков, 6697 әскери бөлім командирінің орынбасары:

- Біздің 25 шақырылым әскери қызметшілердің арасынан 31 адам грант алды. Оларға қайтатын кезде өздерінің марапаттарымен бірге табыстайтын боламыз.

Салтанатты шараға ғасыр жасаған соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов келіп қатысты. Қарт жауынгердің бүгінгі ұрпаққа айтары бар.  

Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:

- Отан қорғаушыларымыз темірдей берік болуы керек. Ол үшін жақсы шынығу керек. Жаттығу керек. Отанды сүю керек.

Марапаттың соңы мерекелік концертке ұласты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров