ІІМ-де қызметкерлерге пәтер кілттері табысталды

Фото: ІІМ

 Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Министр Ержан Саденов ардагерлер мен жеке құрамды құттықтады, – деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол өз сөзінде бұл күндердің тарихи мәніне тоқталып, Ұлы Жеңістің бейбіт өмірдің негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» қағидатының күнделікті қызметтің басты ұстанымы екенін жеткізді.

Іс-шарада құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігі мен қызметке адалдығы ерекше аталды.

Мереке аясында Мемлекет басшысының қолдауымен бірқатар тәртіп сақшыларына пәтер кілттері табысталды.

– Өз атымнан Мемлекет басшысына және министрлік басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғысымды білдіремін. Өз пәтеріңнің кілтін алу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш әрі тұрақтылықтың белгісі, – деді ІІМ күзет қызметін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Денис Рудковский.

20 жылдан астам ішкі істер саласында қызмет етіп келемін. Бүгін көпбалалы ана ретінде баспаналы болып отырмын. Бұл – еңбегімнің еленгені. Қызметімді адал жалғастыруға дайынмын, – деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Айнұр Байгеленова.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.