Елде «Әділет» саяси партиясы құрылды
Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтті. Маңызды жиынға елдің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысты.
Заңға сәйкес партия қызметін ресми түрде бастау үшін қажетті шешімдер осы сьезд аясында қабылданды. «Әділет» партиясының негізгі құндылықтары әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен даму болып айқындалды. Саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, партиялар сайлаушылар алдында бағдарламаның әр тармағы мен берілген әрбір уәде бойынша тұрақты түрде жария есеп беруге тиіс болмақ. Мұнымен қоса, адами капиталды нығайтуға ерекше назар аударылды. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады. Партия медицинаны формалды есепке емес, адам денсаулығына бағытталған модельге көшіруді көздеп отыр.
Айдарбек Айтпукешев, делегат:
- Соңғы еліміздегі қоғамдағы үлкен өзгерістердің бірі жаңа конституцияның қабылдануы. Бұл Конституцияның өзегі адамға бағытталған. Жалпы, Қазақстанда әділетті қоғамды қалыптастыру. Оны дамыту мақсатындағы ойлар осы жаңа құрылғалы жатқан «Әділет» партиясымен үндесіп тұр. Бұл тұрғыда идея маған өте жақын. Заң аясында барлық әрекеттеріміз болуы керек. Сонда ғана Әділетті қоғам қалыптасады.
Мансия Осипова, делегат:
- Өзім білім саласында қызмет атқарамын. Бұл партия қоғамға жаңашылдық әкелетін партия болған соң қолдаймыз. Әрине, білім саласында еңбек еткен соң балаларымызды әділеттікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында осы жаңа партияны қолдауға кеп отырмыз.