Таразда жас сарбаздар әскери дайындыққа кірісті

Еліміздің әр өңірінен шамамен екі жарым мың сарбаз «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығының әскери бөлімдерінде борышын өтеуге кірісті.

Жаңадан шақырылған жауынгерлер айдың соңында ант қабылдайды. Олар Отан қорғаушылар күнін алғаш рет Қарулы күштер сапында атап өтеді.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімшеге жауынгерлік борышын өтеуге 200-ден астам сарбаз келді. Қазір алғашқы әскери дайындықтан өтуге кірісті. Бірінші кезекте жауынгерлер күн тәртібі және әскери жарғымен  танысады. Бұл ел қорғаушылардың арасында қатал тәртіпті қамтамасыз ететін алғышарттар.

Болатгерей Шекеев, бригада командирі:

- Жас сарбаздарды дайындау курсында 9 пәннен сабақ өтеді. Аптасына 6 сабақ 40 минуттан өтіп жатыр. Бұл жерде АК-74 қаруының құрылысын үйреніп жатыр. Әскери -медициналық дайындық сабақтарын өтіп жатыр. Бұл сабақ 24 күнге арналған жас сарбаздардың курс дайындығы.

Жауынгерлер күн сайын қолма-қол ұрыс әдістерін меңгеріп, сапта жүруді үйренеді. Әскери дайындықтың басты бағытының бірі  - атыс қаруын атуға машықтанады. Қатардағы жауынгер Азамат Төлеген мектептегі бастапқы әскери дайындық сабақтарында мылтық атуды шебер меңгеріпті. Ол автоматты небәрі 8 секундта бөлшектейді.  Бұл  жауынгерлер арасындағы әзірге ең үздік нәтиже.

Азамат Төлеген,  ҚР Қарулы күштер жауынгері:

- Әскерге өз еркіммен, борышымды өтеуге келдім және жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігім бар. ЖОО оқып аға лейтенант шенін алсам ба деп отырмын. 9 сыныптан бастап АК-74 қаруын шашып бастадым. Мұнда келіп өзімнің нәтижемді шыңдап, 8 секундта шашып, 15 секундта жинап, бірнші орын алғанмын. Бесінші бригада командирі бірінші орын алғаным үшін осы сағатты өзінің қолынан шешіп берген.

Абзал Мырзакерім, ҚР Қарулы күштерінің жауынгері:

- Бұл бөлімді білімді әрі үлгілі командир, сержанттармен толық қамтыды. Бөлімге келгенде мені снайпер маман қылып тағайындады. Мен мақтан тұтамын, өте қуаныштымын. Өзім әскери қызметті өтеп болған соң, заң саласында қызмет етсем деген мақсатым бар.

Жауынгерлер бір айға толар-толмас уақытта біраз машықтанып, әскери өмірге бейімделіп қалғанын айтады. Бос уақытында кейбірі өлең жазып, енді бірі музыкалық аспаптарда ойнайды.Бастапқы дайындық курсын аяқтағаннан кейін, жас сарбаздар ант қабылдап, әскери қызметін әртүрлі бөлімшелерде жалғастырады.

Авторлары: Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев