Оралда полицейлерге жаңа көліктер тапсырылды

Отан қорғаушы күнінде оралдық  полиция инспекторларына жаңа 81 көліктің кілті табысталды.

Енді  тәртіп сақшыларының оқиға орнына жедел жетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндігі молайды. Жаңа автомобильдер республикалық бюджет есебінен алынды.

Батыс қазақстандық тәртіп сақшысы Бағдат Түгелов үшін биылғы мереке ерекше есте қалмақ. Өмірінің ширек ғасырын осы салаға арнаған полиция подполковнигі бүгін су жаңа қызметтік көлікке ие болды. Енді есірткі қылмысымен күресті бұрынғыдан да күшейтуге күш саламыз, дейді ол.

Бағдат Түгелов, ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

- Осы облыс аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және де болған қылмыстарға жедел жету деп өзім ойлаймын. Жақсы енді, заманымыз заманауи техника дамыған заман болғандықтан осындай жаңа автокөліктер бізге өте жақсы көмегі тиеді.

Өңірде құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жіті көңіл бөлініп келеді. Соңғы 3 жылда тәртіп сақшыларына 331 арнайы техника тапсырылған. Тек былтырдың өзінде облыс бюджетінен бөлінген 935 млн теңгеге 66 автокөлік алынған. Құқық қорғау саласын қолдау жүйелі жалғаспақ.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде тәртіп сақшыларының атқарар қызметі де, арқалар жүгі де салмақты екенін атап өтті. Сондықтан полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық басымдық болса, құқық қорғау саласының тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту да маңызды міндет.

Кейінгі жылдары облыстық полиция департаментінің автопаркін жаңарту үшін жергілікті қазынадан қомақты қаражат қарастырылды. Бұл жұмыстар ең алдымен «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап