Елордада мерекелік плац-концерт өтті
Елордада Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік қойылым өтті.
Қазақ елі алаңында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының үздік шерулік есептоптары мен әскери оркестрлері сап түзеді. Салтанатты шара аясында жауынгерлік техникалар мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Бұл Алан 2. Броньды-дөгелекті техника. Қазақстанда шығарылған. Соғыс жағдайларында кез-келген жерде жүйіткиді. Құмды, суды да кешіп өтеді. Дәл осындай жауынгерлік техниканың түр-түрін бүгін астаналықтар өз көзімен көріп, жақын танысты, сарбаздармен суретке түсті.
Әскери көрме - салтанатты шараның бір бөлігі. Алаңға жиналған қауым қару-жарақпен қатар түрлі баллистикалық, миналық, қорғанысқа арналған ауыр техниканы тамашалады.
БЛИЦ:
- Осы парадты көрем деп Сарыағаштан келдім. Жақсы өтіп жатыр бәрі керемет.
- Балаларыммен келдім площадьқа, өте керемет өтіп жатыр. Әсіресе балаларыма ұнап жатыр. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.
- Техниканы, роботтарды көрдім тағы концерттер болды, көп нәрселер болды. Мен папамды 7 мамырмен құттықтаймын.
Күштік құрылымдардың бұндай ауқымды плац-концерті елордада алғаш өткізіліп отыр. Әскери оркестрлер қазақ марштарын орындап, бөлімшелер саппен жүріп өтті. Өнер ұжымдары Рух, Сауыт, Отан үшін секілді танымал патриоттық әндерді орындады.
Дархан Рахымғалиев, ҚР МКҚ президент оркестрінің бастығы:
- Біздің қазақ сарбаздарының рухын тек қана қарумен емес, өнермен де асқақтаруға болатынын айтқымыз келеді. Бірінші бөлімде өздеріңіз көргендей қазақ марштарының саптық түзеуі өтілді, көрсетілім өткізді. Орындалған шығармалардың бәрі Қазақстан композиторлары жазған шығармалар.
«Қазақ елі» алаңына жиналғандар қатарында: Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі, ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігінің шерулік топтары бар.
Медет Елемесов, ҚР МКҚ айрықша мақсаттағы күштер штабы офицері, полковник:
- Биыл бірінші рет осындай форматта өткізіп жатырмыз. Мемлекеттік күзет қызметі башылығының тарапынан ұйымдастырылып жатқан іс-шара. Мақсатымыз осы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Әскери өз қызметіміздің мәнін түсіндіру, үйлесімділігін көрсету.
Осылайша әскерилер қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Олардың кәсіби шеберлігін, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығын тамашалады. Мамыражай күндегі салтанатты шара алаңға жиналған жұрттың көңілінен шықты.