ШҚО-дағы полицияның арнайы жасақ бөлімі кез келген қауіпке дайын

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы бөлімшесінің жауынгерлері былтыр 100-ден астам арнайы операция орындады.

Арнайы жасақ қызметкерлері есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан топтарды, қауіпті қылмыскерлер мен бопсалаушыларды ұстады. Қазір бөлімше қызметкерлері жаңа роботтандырылған техникаларды сынақтан өткізіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруде.

Арнайы бөлімше жауынгерлері атыс дайындығын жетілдіріп, қауіпті қылмыскерлерді залалсыздандыру тәсілдерін барынша мұқият пысықтауда. Олар арнайы полигонда тәулік бойы үздіксіз жаттығып, әр қимылды дәлдікпен орындауға дағдыланады. Тапсырмаға шығу уақыты да қатаң бақылауда ұсталады. Әрине қауіпсіздік талаптары әрдайым басты назарда.

Қазір оқу-жаттығу барысында арнайы жасақ қызметкерлері шартты кепілге алынғандарды босатып, қылмыскерлерді залалсыздандыру тәсілдерін пысықтады. 2025 жылы арнайы жасақ 100-ден астам қауіпті тапсырманы сәтті орындады.«Тайфун» бүркеншік есімімен танымал командирдің орынбасары бұл салада 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Тәжірибелі маман бүгінде жас қызметкерлерді оқытып, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға үлес қосып жүр.

Тайфун, ШҚО ПД арнайы бөлімшесі командирінің орынбасары:

- Біздің жұмысымыз күнделікті жаттығамыз, тактикалық жаттығуар огневой атыс бойынша жаттығамыз. Барлық жеке құрамдарды барлық жігіттерді келе жатқан 7 мамыр мерекесімен құттықтаймын. Жанұяларына бақыт береке денсаулық жұмыстарына табыс тілеймін. 

Жаңа техника күрделі жарылғыш заттарды тауып, қауіпсіз жағдайда жоюға мүмкіндік береді. «Погран» есімімен танымал маман тәжірибелі сапер. Ол оқ-дәрі қоймасын залалсыздандырып, талай жанның өмірін сақтап қалған.

Погран, арнайы жасақтың жарылыс-техникалық бөлімі командирінің орынбасары:

- Бұл өте жауапты әрі күрделі жұмыс. Мұнда батылдық пен жанкештілік қажет. Біз тәулік бойы, аптаның жеті күнінде еліміздің барлық өңірінде кез-келген шақыртуға дайынбыз. Қазір бізде роботтандырылған жарылыс-техникалық кешендер бар, олар жұмысымызды едәуір жеңілдетеді. 

Мұндағы әрбір жауынгер парыз бен ерлікті ту еткен. Олар өз күшіне, кәсіби дайындығы мен тәжірибесіне сенім артады. Тіпті оқу-жаттығу кезінде де қауіпке бас тігуге дайын. Өйткені арнайы полигондарда жинаған жауынгерлік тәжірибе нақты өмірде пайдаға асуы бек мүмкін.

Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин