Ұлттық ұланда онға жуық музыкалық аспапты меңгерген сарбаз бар
Көкшетаудағы Ұлттық ұланда 10-ға жуық музыкалық аспапты меңгерген сарбаз әскери борышын өтеп жүр.
Қатардағы жауынгер домбыра, баян, гитарадан бөлек, ұрмалы аспаптарда еркін ойнайды. Ерекше дарын иесі түрлі қалалық шараларға да белсене қатысады.
Қатардағы жауынгер Темірхан Тастемір Түркістан облысының тумасы. Әскер келгеніне жарты жыл болған. Шалғайдағы ата-анасы мен ауылын сағынғанда осы әнді орындап, мауқын басады.
Темірхан Тастемір, сарбаз:
- Өнерге ең алғаш ағам қызықтырды мені. Бала кезімде ағам гитара тартатын. Гитара тартқанда қызығып жүретінмін. Содан бастап өлең айтып бастадым үшінші, төртінші сынып кезінде. Одан кейін әкем өнерге деген жақындығымды көріп, аккордеон сыныбына берді. Онда оқып жүріп домбыра үйрендім, гитара, дарбука, кахон, пианино, саксофон үйрендім. Әр аспапты үйренген сайын өнерге деген құлшыныс көбейе берді.
Жігітке жеті өнер де аз. Темірхан домбырадан өзге аспаптарды да еркін меңгерген. Жауынгерлік жаттығу мен сабақтан қолы қалт еткенде қос ішек пен баянда ойнауға асығып тұрады.
Жалпы Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде өнерлі сарбаздар өте көп. Олардың бірі тамылжыта ән шырқаса, енді бірі өлең жазып, ақындық қырын дамытып жүр. Жауынгерлердің бұл өнері әскери өмірде де өз пайдасын тигізген.
Әли Әзімжан, сарбаз:
- Әскери өмірде де музыка өте жақсы септігін тигізеді өзінің. Түрлі іс-шараларға қатысамыз. Осы қалада болсын, әртүрлі шараларға шақырту алам. Сарбаздармен жеке отырған кезде де демалыс күндері үйімізді сағынған кезде қосылып ән шырқап алатынымыз бар. Әскери борышымды өтеп болғаннан кейін шығармашылықпен айналысып, жеке әндерімді жазып, шығармашылық кешімді өткізіп, сондай бір жетістікке жету ойымда бар.
Ғани Ереже, ҚР Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің бөлімше бастығы:
- Біз үшін олардың тек жауынгерлік дайындығы ғана емес, шығармашылық тұрғыда дамуы да өте маңызды. Бөлімде сарбаздардың таланттарын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Біз жергілікті әкімдіктермен және мәдениет үйлерімен тығыз байланыстамыз. Сарбаздар қалалық шараларға белсене қатысып, үлкен сахналарда да өз өнерлерін көрсетіп жүреді.
Осылайша әскерилер өнерлі өрендердің көзіндегі отын сөндірмей, керісінше шығармашылығын шыңдауға барлық жағдайды жасап отырғандарын айтады. Осы бағатта мұнда 10-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Қазір әскери бөлімде еліміздің әр қиырынан келген 500-ден астам сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко