Қызылорда облысында кенемен күрес жүріп жатыр
Қызылорда облысының 74 елді мекенде кенені жою жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ауылдар Конго-Қырым қызбасының табиғи ошағы саналады.
Биыл қауіпті аймақ саны былтырмен салыстырғанда 37-ге азайды. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды, - дейді мамандар. Жыл басынан бері үш жүзден астам адам медициналық көмекке жүгініп, оның үшеуінен қауіпті дерт анықталды. Қазір мамандар мал қоралар мен жайылымдарды дезинфекциялап жатыр.
Ерлан Ұзақбаев, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Осы ауруды тасымалдайтын кенелерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен жүйелі түрде мониторинг жасалады. Биыл зооэнтомологтардың көмегімен 11 мыңға жуық кене жинақталып, зертханалық жолмен зерделенді. Бүгінгі таңда төрт сынама оң нәтиже беріп тұр.
Бауыржан Садықов, «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ басшысының орынбасары:
- Облыс бойынша 1 млн 438 мың шаршы метрді құрайтын залалсыздандыру жұмыстары, яғни екі кезеңмен жүргізілуде. Оның ішінде шаңлақтар, суаттар дейді. Яғни облыс бойынша бұл залалсыздандыру жұмыстарына 257 млн ақша қаралды.