Өскемендегі апат: зардап шеккендер Астанада емделеді
Өскемендегі «Казцинк» кәсіпорнында болған техногендік апатта жарақат алған жұмысшылар Астанадағы жетекші клиникаларда емделеді.
Дәрігерлердің бірінші тобы бүгін аймаққа санитарлық авиацияның арнайы бортымен барды. Бел омыртқасы сынған науқас республикалық жедел медициналық көмек орталығына жеткізіледі. Ал зардап шеккен екінші азаматтың жағдайы әлі де ауыр. Оның өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін дәрігерлер күні-түні күресуде. Науқастың денесінің 90%-дан астамын күйік шалған. Республиканың жетекші реаниматологтары мен күйік шалу жөніндегі мамандары оны емдеу барысын онлайн режимде бақылап отыр. Дәрігерлер науқасты қарау үшін ертең Өскеменге ұшып бармақ.
Марат Нұрбикенов, облыстық Мамандандырылған ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Күйік шалған науқас реанимация бөлімінде өте ауыр халде жатыр. Қазіргі уақытта оны ақырындап шоктан шығарып жатырмыз. Ертең сағат 08:30-да Астанадағы ұлттық үйлестіру орталығының екі маманы да қайтадан ұшып келеді. Жағдайы көтерсе, ұшақпен Астанаға алып кетеді.