Қызылорда облысында соғыс ардагері жастармен кездесті
Соғыс жылдары Қызылорда облысынан майданға 150 мыңнан аса адам аттанды. Қазір облыс бойынша сұрапыл соғыстың бір ғана көзі тірі куәгері қалды.
Ол – Тереңөзек кентінің тұрғыны Яхия Тасыров. Биыл аты аңызға айналған ардагер 104 жасқа толды. Жеңіс күні қарсаңында ақсақалға ауылдастары құрмет көрсетті.
Яхия Тасыров 1941 жылы небәрі 19 жаста болатын. Омбыдағы жас жауынгерлер курсынан кейін бірден отты майданның алғы шебіне жіберілді. Алғашқы шайқасы мен ерлігі үшін берілген марапатын Сталинград түбінде алды. Кейін Курск иініндегі айқас, Белоруссияны, Польшаны, Германияны азат етуге қатысты.
Яхия Тасыров, соғыс ардагері:
- Берлинге 70 шақырым жетпей қалдық. Барамыз ғой енді, туды біз тігеміз, Украинадан бұрын тігеміз туды рейхстагқа деп аласұрып бара жатырғанбыз. Кілең К-63 деген Американың машинасына мінгенбіз. Машинаның үстінде артиллерия, мен командир артиллерия болдым, сержантпын. Білімім жоқ, білімім болмады, қарамадым, бірақ қандай бір тапсырмасын орындап отырдым.
Жеңіспен елге оралған соң, Яхия Тасыров ұзақ жылдар бойы білім беру саласында және аймақтағы ірі кәсіпорындарда еңбек етті. Жеңіс күні қарсаңында туған жері Тереңөзек кентінде тағылымды кездесу өтті. «Руханият» орталығында ардагер-артиллерист жерлестеріне майдан естеліктерін айтып, пневматикалық мылтық атудан өткен жарыстың құрметті қонағы болды.
Осы жерде Сырдария ауданының құрметті азаматына ерекше ілтипат көрсетілді. Игі дәстүр бойынша ақсақалдың иығына шапан жабылып, «Құрмет белгісі» табыс етілді.
Балшекер Өтегенова, Сырдария аудандық Аналар кеңесінің төрағасы:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері сол қиян-кескі соғыстың кезінде 17-18-дегі ғана жастар болатын болса, қазіргі аға ұрпақтың өкілдері - біз жастарға, Ұлы Отан соғысындағы аға ұрпақтың қиян-кескі соғыста болған қиындықтарын, қазіргі бейбіт өмірімізді бізге сыйлап отырған аталарымыздың ерліктеріне мың тағзым жасай отырып, жастарға, келер ұрпаққа, қазіргі ұрпаққа ардагер аға, аға ұрпақтың өкілі барлығын үйретуіміз керек, айтуымыз керек.
Жүзден асқан қария бүгінде тек бір нәрсені тілейді, соғыс деген суық сөз тек естеліктерде қалса дейді. Ол өзінің басты аманатын ерлік жасаған ұрпақтарына – немере-шөберелеріне айтып отырады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев