«Халықтық құрылыс» жастардың өмір сапасына қалай әсер етеді?
Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шалғай өңірлердегі жастардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға ықпал етуі мүмкін. Ол үшін тұрғын үйге, тұрақты жұмысқа, білім мен мәдениет нысандарына қолжетімділікті арттыру қажет. Бұл туралы Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Эльмира Отар 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, Президент жолдауында айтылған «Халықтық құрылыс» бастамасы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да мүмкіндік береді. Мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының салынуы жастардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жастардың өмір сүру сапасы олардың қандай материалдық ортада тұратынына немесе қандай білім алатынына ғана байланысты емес. Сонымен қатар олардың қалай әлеуметтенетіні, кімдермен араласатыны және қандай ресурстарға қол жеткізе алатыны да маңызды, – деді Эльмира Отар.
Оның айтуынша, жастардың өздері әзірлеп, жүзеге асыратын шығармашылық және тәлімгерлік жобаларды қолдау да маңызды. Бұл олардың белсенділігін арттырып, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Тұрғын үй – жастар үшін өзекті мәселе
Әлеуметтанушының айтуынша, орталық жүргізген зерттеулерде жастардың жартысынан астамы тұрғын үй мәселесін негізгі қиындықтардың бірі ретінде атаған. Сондықтан инфрақұрылыммен қатар, қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары мен тұрақты жұмыспен қамтуға да назар аудару қажет.
Жастардың отбасыларын зерттеген кезде, ең бірінші мәселе ретінде 50 пайыздан астамы тұрғын үй мәселесін атады, – деді сарапшы.
Ауыл жастарына мүмкіндік артады
Эльмира Отар шалғай елді мекендерде әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті. Қазір кейбір жастар мәдениет пен спорт орындарына жету үшін бірнеше шақырым жол жүріп, қосымша уақыт пен қаражат жұмсауға мәжбүр.
Шалғайдағы жастар үшін мұның бәрі қолжетімді емес. Бірнеше шақырым жүру керек, оған қаражат пен уақыт қажет. Ал сапалы жол салынса, баратын жеріне жету уақыты да қысқарады, – деді ол.
Сарапшы Қосшы қаласындағы мәдени-спорт кешенін мысалға келтірді. Оның пікірінше, кітапханалар, спорт алаңдары мен демалыс орындары ауылдарда да салынса, жастардың мүмкіндіктері кеңейіп, өңірлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа нысандардың қажеттілігі алдын ала зерттеліп, сапасына мән берілуі керек. Олар халықтың бүгінгі сұранысын өтеп қана қоймай, келешек ұрпаққа да ұзақ жыл қызмет етуі қажет.