Арман Қырықбаев жастармен Президент Жолдауын талқылады
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Жиынға жас кәсіпкерлер, өнер мен кино саласының мамандары, блогерлер, ғалымдар мен зерттеушілер, спортшылар және журналистер жиналды. Министр Жолдауда айқындалған негізгі міндеттерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтті.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Менің түсінуімше, бұл Жолдаудың мәні мен мағынасы – заман өзгеріп, әлем тарихи тұрғыдан жаңарып жатқан кезеңде қазақ мемлекеттігінің өміршеңдігін сақтау, алдыңғы қатарлы ел болу үшін немен айналысуымыз керек, мәдениетіміз қандай болуы керек, менталитетіміз бен өмірге деген көзқарасымыз қандай болуы қажет деген сұрақтарға жауап беретін құжат. Мен бұл Жолдауды осылай қабылдадым.
Арман Қырықбаев білімді ұрпақ тәрбиелеудің және кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын айтты. Сонымен бірге мемлекеттік қолдау шаралары жастардың өз жобаларын жүзеге асыруға, кәсіби білігін жетілдіруіне мүмкіндік беретінін жеткізді. «Өйткені қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы маңызды», – деді министр. Басқосуда креативті экономиканы дамыту, жасанды интеллект мәселелері назардан тыс қалмады. Қазір елдің барлық өңірінде жас таланттардың қабілетін ашуға жағдай жасайтын креативті хабтар жұмыс істейді. Еркін форматтағы кездесуге келгендер ой-пікірін ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жасұлан Бостандықұлы, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:
- Бұл Жолдау негізінен «Жалпы халықтық құрылыс» негізінде көрініс тапты. Әрине, жаңа инфрақұрылымдардың пайда болуы, жастарға арналған жаңа коворкинг орталықтары мен әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамуы тың серпін берері сөзсіз. Бұл Жолдауда жастардың орны ерекше. Біз, жастар, осы Жолдаудың негізгі жүзеге асырушылары болып табыламыз. Сондықтан біз Жолдауды қолдаймыз және өз кезегімізде оны іске асыруға өз үлесімізді қосамыз деген ниеттеміз.