Жеңіс күнін Алматыда 14 ардагер қарсы алды
Отан соғысына Алматыдан 76 600 адам қатысып, оның 44 мыңы үйлеріне жеңімпаз болып оралды.
Биыл Жеңістің 81-көктемін 14 ардагер ғана қарсы алып отыр.
Жеңіс күні қала тұрғындары әдеттегідей 28 гвардияшы -панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалына келіп, бейбіт күнді жақындатқан сарбаздардың рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойды.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Иә, алматылықтар 9 мамыр Жеңіс күнін осы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қоюдан бастайды. Былтыр Жеңістің 80 жылдығында ортамызда 21 алматылық ардегер болған еді. Өкінішке қарай, олардың қатары сиреп қалды. Ал биыл Жеңістің 81-көктемін көру жасы 100 ден асқан 14 ардагерімізге ғана бұйырды. Осы 28 панфиловшылар саябағы туралы аз-кем айта кетейін. Мұндағы Даңқ мемориалы 1975 жылы Отан соғысының аяқталғанына 30 жылдық мерейтойына орай ашылған. Өздеріңіз жақсы білесіздер Отан соғысы кезінде ерекше ерлік көрсеткен әскердің бірі – 316-атқыштар дивизиясы. Бұл дивизия 1941 жылы жазда Алматыда жасақталған. Командирі болып генерал-майор Иван Васильевич Панфилов тағайындалды Сол жылдың күзінде Мәскеу түбінде Волоколамск тас жолын шабуылдаған жау танкілеріне 28 сарбаз қарсы тұрып, ерлікпен шайқасты. Бұл оқиға тарихта «28 панфиловшылар ерлігі» деген атпен қалды. Олардың 6-уы ғана тірі қалған. Бұл дивизияның барлық жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанды. 316-дивизия 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы деп аталды. Міне осындай ашық аспан, бейбіт күн осындай қаһармандардың көзсіз ерлігімен келген.
Жеңіс күніне орай алматылық Отан соғысының ардагерлеріне 5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Сонымен қатар Отан Соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Сонымен қатар ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнап әскери-дала асханасы ұйымдастырылып, мерекелік түскі ас беріледі.