Қарауылдағы ардагер ұстаз ауылдастарына йога үйретіп жүр

Қарауыл ауылында жетпістен асқан әже замандастарына йога үйретіп жүр. Бақыт Құсманқызының өзі ғана емес, жолдасы да спортты серік еткен. 

Қолы қалт етсе, жастармен бірге футбол, теннис ойнайды. Балалары мен немерелері де ата-әжесіне тартқан, спортқа жақын.

Күн сайын таңғы жаттығуға 20-дан астам адам жиналады. Бақыт Құсманқызы: «Сергек жүрудің басты сыры күнделікті қозғалыс пен денсаулыққа жауапкершілікпен қарауда», - дейді. Гимнастикамен жастайынан айналысқан ұстаз кейін арнайы үш айлық курстан өтіп, йогадан халықаралық сертификат алған. Енді тәжірибесін ауылдастарымен бөлісіп жатыр.

Бақыт Құсманқызы, ардагер ұстаз:

- Бізде қазір негізі 25 адам тіркеліп тұр. Өйткені келушілердің бізде әлі легі көп. Мақсатым – қыз-келіншектерге, әйел адамдарға өздерінің денсаулықтарына қарауға өзімнің біраз білгенімді үйретіп, көмегім тисе. Ішкі жан дүнием осыны ұнатады. Қозғалысты жақсы көреді денем. Жас кезімде мұғалімдер арасынан өтетін, волейболдан жарыстарда жүрдім.

Бақыт апа мен Жұмағали ата отасқалы бері жарты ғасырға жуықтады. Төрт бала тәрбиелеп, бүгінде 9 немере сүйіп отыр. Бақыт Құсманқызының ұстаздық еңбек өтілі де қырық жылдан асады. Ал спортқа деген қызығушылығы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында басталған. Қазір ерлі-зайыптылар жаттығу залына тұрақты барып, белсенді өмір салтын бірге жалғастырып келеді.

Жұмағали Қырқымбайұлы, зейнеткер:

- Салауатты өмір салтын отбасымызбен ұстанамыз. Жас кезімнен күреспен, футболмен, үстел теннисімен және шахматпен бәрімен айналысамын. Қазірге дейін футбол ойнаймын, жасым жетпістен асса да. Әуел бастан спортпен айналысқаннан кейін жеңіл болады екен. Қазір енді балаларымыздың бәрі спортпен айналысады. Көріп өсті ғой бізді. Отбасы деген мемлекет қой жекеменшік. Үлкен отанымыз Қазақстанымыз гүлденсін. Отбасылардың барлығы бақытты болсын.

Қазір ақ жаулықты әже өз тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп жүр. Оның жаттығуларына қатысатын ауыл тұрғындарының жасы да әртүрлі. Ауылдағылар үшін йога денені шынықтырып, ойды тынықтырып, көңіл күйді көтерудің бір жолына айналған.

Гүлмира Қасиева, Қарауыл ауылының тұрғыны:

- Бұл енді йога дегеннің өзі сананы, түйсікті, барлық ойды бір нүктеде түйістіру деп өзім түсінемін. Сол мақсатта қатысып, дененің, тәннің, жанның сұлулығын кім жек көреді. Сол себепті осындай жақсы бастаманы қолдап, қатысып жүрмін. Жасымыз әртүрлі құрамымыздағы, жап-жас балаларымызбен жастылар да бар. Өзімізбен құралпы замандастарымыз бар.

«Қозғалыс бар жерде – өмір бар» деген ұстанымды берік ұстанған Бақыт Құсманқызы адамның жасы емес, ерік-жігердің маңызды екенін ісімен дәлелдеп жүр. Қарауылдық әже үшін спорт – сергек жүрудің ғана емес, ұзақ әрі белсенді өмір сүрудің дағдысы.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: