Соғыс кезінде құпия бұйрықтарды қабылдаған байланысшы қария естелігімен бөлісті
Батыс Қазақстан облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа 76 мың азамат аттанса, соның 36 мыңы жат жердің топырағын жастанды.
Елге есен оралған майдангерлердің алтауына биылғы Жеңіс күнін қарсы алу бұйырыпты.
Анастасия Чегнахаева 21 жасында өз еркімен майданға аттанды. Қиыр Шығыста байланысшы қызметін атқарды. Кеме палубасында таудай толқындармен алыса жүріп, құпия бұйрықтарды қабылдаған. Айтуынша, 1945 жылы Жапонияға соғыс жариялау туралы жарлықты 34-бомбалаушы авиациялық дивизияға өзі жеткізген екен. Соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де майдангер Морзе әліппесін жатқа біледі. Мамырдың 1-інде жасы 105-ке толды. Өзін құттықтап келген жастарға ақылын айтудан жаңылған емес.
Анастасия Чегнахаева, соғыс ардагері:
- Жақсы оқыңдар, еңбек етіңдер, білім алудан, үйренуден жалықпаңдар! Бір-біріңді құрметтеңдер. Үлкендердің айтқанын тыңдаңдар! Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қандай қиын күндерді бастан өткерсек те, еңсемізді тік ұстадық. Соғыс ешқашан қайталанбасын! Бейбіт күнге жетер ештеңе жоқ.
Соғыс ардагері екі жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатыр. Ұлы өмірден өткесін жалғыз қалыпты. Анастасия әжей туған жерден ешқайда кетпеймін деп, Мәскеудегі қыздарына бармай қойған. Қазір Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ең егде тұрғыны.
«Ол үнемі көңілді жүреді, ара-арасында айқайлап әндетіп алады», - дейді орталық мамандары.
Әсемгүл Қашқынбаева, Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:
- Әжеміздің жағдайы қазіргі таңда қалыпты. Өз-өзіне қызмет көрсете алады. Осындай біздің ардагеріміз бар екеніне біз қуаныштымыз. Әжемізді жақсы көреміз. Патриот ретінде мақтан тұтамын әжені. Өйткені деген қыздары, Мәскеуде тұратын үш баласы бар. Қазіргі таңда хабарласып тұрады. Қызы Мәскеуде әжемізді осыншама қасына алып кеткісі келді. Бірақ туған елін, туған топырағын өзі тастамауға бел буды.
Ал тағы бір оралдық ардагер Вениамин Пантелеевич Скаленко Бөрлі ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 17 жасында сұранып соғысқа атанады. 98-гвардиялық әуе десантшылары полкінің құрамында барлаушы болған. Еуропаны фашистерден азат етуге қатысып, жеңісті Чехословакия елінде қарсы алады. Ғасыр жасаса да қарияның жүрісі ширақ, жады мықты.
Вениамин Скаленко, соғыс ардагері:
- Братислава қаласында Жеңіс хабарын естідік. Жаспыз ғой. Қуанышымызда шек болған жоқ. Соғыстың біткеніне, аман қалғанымызға қуандық. Фашистерді жеңгенімізге қуандық. Соғыс біткесін қираған шаруашылықты көтеруге атсалыстым. Көпті көрдік. Көңілге түйгенім бейбітшілікке жетер ештеңе жоқ. Жастарға айтарым өз еліңнің патриоты болыңдар! Отанды сүйіңдер! Елге қызмет қылыңдар!
Орал өңірінен қан майданға 76 мың адам аттанса, соның 36 мыңына туған жердің топырағы бұйырмады. Елге есен оралғандардың 6-уы биылғы Жеңіс мерекесін қарсы алып отыр.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов