Ер есімі ел есінде. LIVE

9 мамыр Жеңіс күніне арналған тағылымды әрі мерекелік іс-шаралар Абай облысында да өтіп жатыр.

Семей қаласындағы Жеңіс саябағында «Ерлікке тағзым» атты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сонымен қатар соғыс жылдарындағы рухты әндер шырқалатын мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бұл шаралар майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бүгін Жеңіс мерекесіне орай Семейдегі «Жеңіс саябағында» салтанатты жиын ұйымдастырылды. Сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Тағылымы мол шара «Соғыс жылдарындағы әндер» атты мерекелік концертпен жалғасып жатыр. Жиналған қала тұрғындарының да қарасы қалың. Буыны қатпаған бала шағынан еңбекке араласып, ауыр жылдардың ауыртпашығын бастан өткерген тыл ардагерлері де осында. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Жеңіс күніне арналған іс-шаралар Абай облысына қарасты барлық қала мен аудандарда бір уақытта өтіп жатыр. Жеңіс мерекесі қарсаңында өңірде 1382 азаматқа бір жолғы төлем жасалады. Бұл мақсатқа 189 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталғандар, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары, сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне де қолдау көрсетіледі. Облыста соғыс жылдары еңбек еткен мыңнан астам тұрғын бар. Анығы ешкім де, еш нәрсе де  ұмытылмақ емес. Ерлік даңқы өшпейді. Бұл күні осынау сұрапыл соғыста қаза тапқан батырлар рухына тағзым етілді.