Ақтөбе облысында Жеңіс күніне орай азалы митинг өтті
Қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары Мәңгілік алау мемориалды кешені мен Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сұрапыл соғыс құрбандарын еске алу шарасына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Облыс басшысы өңірдегі жалғыз соғыс ардагері Василий Грецкийді де құттықтады.
Ақтөбе жерінен Екінші дүние жүзілік соғысына 120 мыңнан астам азамат аттанған. Қан майданнан 36-мыңы оралмады. Сұрапыл жылдары ел қорғаған батырлардың ұрпағы бүгін Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сарбаздарды еске алды.
Жеңісгүл Бурханова, қала тұрғыны:
- Бүгін мен әкемді еске алып келіп тұрмын. Осы әкелеріміздің соғыс кезіндегі жанкештілік ерлігінің арқасында біз қазір осындай бейбітшілік елде өмір сүріп жатырмыз. Еліміз әрдайым аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, соғыс болмасын!
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші маңына жиналғандар қазақ аруларының ер-азаматтармен қатар жас жанын құрбан еткенін еске алды.
Ғабит Қарасаев, қала тұрғыны:
- Ұшқыш Хиуаз Доспанова, дәрігер Халида Есенжолқызы Маманова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова апаларымыздың ерліктері жастарға үлгі.
Жеңіс күніне арналған салтанатты шара Хромтау қаласында да өтті. Ардагер Василий Грецкийді облыс басшысы құттықтап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Ақсақалдарымыз ерлікті көрсетіп осы елді, жерімізді аман-есен алып қалды. Әрі қарай да еңбек етіп, елге қызмет етті. Соның барлығын ерекше атап өтетін күн. Патриоттық сезімді оятып, өскелең ұрпаққа осының барлығын жеткізу біз үшін маңызды.
Майданда қан кешкен 45 ақтөбелік Кеңес Одағының батыры, Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов