СҚО-да Жеңіс күні айрықша атап өтілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Дәуқара ауылы Жеңіс күнін айрықша атап өтті. Жергілікті халық елді мекен жанынан киіз үйлер тігіп, бабаларының құрметіне ат шаптырып, ас берді. 

Ауқымды шараға мыңдаған адам қатысты. Айта кетейік, шағын ғана ауылдан майданға 100-ден астам жас жігіт аттанып, олардың жартысынан астамы елге оралмаған. 

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Бүгін Дәуқара ауылында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары батыр бабаларын еске алу үшін ауылға арнайы жиналып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Тақтада майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімдері қашалып жазылған. Жалпы бұл ауылдан соғыс жылдары майданға 118 азамат аттанған. Оның 76-сы елге оралмай, қан майданда қаза тапқан.

Дәуқара – нағыз батырлардың ауылы. Өйткені мұндағы әр әулеттен бір емес, бірнеше адам майдан даласына аттанған.

Зураш Әлмағанбетова, Дәуқара ауылының тумасы:

- Менің әкем және оның ағасы Қаратай деген кісі екеуі біздің әулеттен соғысқа аттанған. Алайда Қаратай ағамыз соғыс майданында қайтыс болды. Ал әкем соғыста болып 1944-1956 жылға дейін әрі қарай әскерін міндетін атқарып келді. Міне, мынау Әлмағанбетов Жамантай деген кісі менің әкем болады. 1926 жылғы. Биыл тірі болса 100-ге толар еді.

Жақсылық Ысқақов, Дәуқара ауылының тұрғыны:

- Мұның маңыздылығы өте үлкен. Артымыздағы ұрпақтарымызға сабақ болатындай жақсы нәрсе. Бұл бірінші басымыздың бірлігі. «Бірлік болса, тірлік болады» дейді ғой қазақ атам. Біз өзі сол соғысқа барған аталарды көзімізбен көрдік.

Ал майдан даласында ерлікпен көз жұмған дәуқаралық соңғы жауынгердің сүйегі осыдан алты жыл бұрын ғана табылған. Ержүрек сарбаздың ұрыс кезінде денесіне оқ тиіп, окоптың ішінде сол күйі көміліп қалыпты. Сол жылы батырдың сүйегі елге жетікізіліп, туған ауылына жерленді. Қазір елді мекендегі білім ошағында майдангерлердің ерлігі мен өмірінен сыр шертетін шағын музей бар. Мұражай 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ашылған.

Дамира Төкішова, тарих пәнінің мұғалімі:

- Бастапқы бетте 21-ге жуық экспонат болды. Қазіргі таңда 100-ге жуық экспонатпен толығып келеді. Жалпы осы 16 жылдың ішінде мектеп түлектерінің, ауыл азаматтарының, ардагерлердің ұрпақтарының қолдауымен мұражайымыз жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып, мазмұны байып келеді.

Ауыл жанында өткен ауқымды мерекелік іс-шараға жергілікті халық пен алыс-жақыннан келген қонақтарды қосқанда 2 мыңға жуық адам жиналды. Жергілікті тұрғындарының сөзінше, мұндай үлкен той осы маңда соңғы 30 жылда болған емес. Ал бұл ауылдықтардың береке-бірлігін одан әрі арттыра түспек.

Камила Әбделманова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Бүгінгі осы ұлан асыр тойға Көкшетау қаласынан келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Дәуқара елінің осылай бірігіп, үлкен той жасап, аталардың аруағын қолдап, құран бағыштап жатқаны үлкен бір жақсы көрсеткіш деп ойламын.

Ал шараны тамашалауға келген көпшіліктің назарына мерекелік концерт, түрлі ұлттық ойындар ұсынылды. Әсіресе жілік соғу мен бәйге халықтың жігерін жанып, намысын қайрады. Ақшаңқан киіз үйлерде ас беріліп, ән мен жырдан шашу шашылды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко