Францияда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді. 

Жеңіс күніне орай Валлеруа коммунасында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Қазақстанның Франциядағы Елшісі, дипломаттар, жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар қатысты. Делегация сондай-ақ Мец-Шамбьер әскери қорымына барып, қазақстандық сарбаздарды еске алды. Іс-шара Нуайе-Сэн-Мартэн ескерткіші жанында да өтті. Мұнда француз Қарсыласу қозғалысында шайқасқан төрт мыңнан астам Кеңес жауынгері жерленген. Француз тарапы қазақстандықтардың Францияны азат ету жолындағы тарихи үлесін ерекше атап өтті. Ал қазақстандық дипломаттар өз кезегінде француз жерінде көз жұмған сарбаздардың ерлігін ұмытпай, әрдайым құрметтеп келе жатқанына алғысын білдірді.