Аяулы ана, білікті маман

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатология бөлімі - өмір үшін күрестің ортасы.

Мұнда дәрігерлер дүниеге келген нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін барын салады. Олардың қатарында неонатолог-хирургтар бар.

Гүлмира Кәукенбаева жұмыс күнін әрдәйім қарқынды терапия палатасынан бастайды. Мұнда шала туған және туабітті ақауы бар нәрестелер жатады. Емдеу протоколының нәтижесін, оң өзгерістерді көруге асығамын, дейді дәрігер. Сәбилердің әр тынысы, әр жүрек соғысы білікті мамандар назарында.

Гүлмира Кәукенбаева, неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Кішкентай нәрестелермен, жаңа туған нәрестелермен жұмыс жасау өте ұнайды. Қалжыңдап кейде айтамын ғой, 1-2 айлық балалар маған үлкен көрінеді деп. Туа салған бетте көретін, қарайтын нәрестелеріміз ол 28 күнге дейінгі нәрестелер. Өте қиын сала, бірақ ойландым, бірақ кете алмадым.

Рас, неонатология зор төзімділікті талап ететін сала. Дәрігерлер әр сәбидің қыл үстінде тұрған өмірі үшін күреседі. Гүлмира Кәукенбаева осы бөлімде табан аудармай 20 жылға жуық қызмет етіп келеді. Туабітті сырқатпен өмірге келген шақалақтарға операция жасап, ғылыми зерттеулермен айналысады. Ұжымды ұйытып отырған білікті маман.

Рината Жиенбаева, неонатолог дәрігер:

- Хирург маман иегерлері көбінесе енді ер кісілерге тән мамандық болғандықтан әйел адамдардың ішінен сиректеу кездеседі біздің елімізде. Сондықтан бұл кісілер уақытылы және дәл шешім қабылдай білу керек. Жаңа туған нәрестелерге қатысты болған соң. Сондықтан бөлім меңгерушісі ретінде барлық қызметкерлерімізді бір ұжымға жұмылдырып отырған кісі ретінде айта аламын.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Гүлмира өмір үшін күрескен әрбір нәрестенің жағдайын бақылай жүріп, өз шаңырағына уақыт тауып жүрген бақытты ана. Өмірлік жарымен үш ұл тәрбиелеп отыр.

Гүлмира Кәукенбаева, неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Әйел адам төзімді келеді деп ойлаймын. Яғни отбасын да алып жүруге және өзінің қызметін де жасауға. Менің жолдасым менің жұмысымды менің бастамамады әрқашан қолдайды. Соған байланысты мүмкін үлгеріп жүрмін деп айта аламын екі жаққа да.

Неонатология бөліміне келіп түскен әр сәбидің сауығып, аналарының қуанғанын көру біз үшін ең үлкен бақыт, дейді дәрігер. Себебі оның таңдаған жолы жай мамандық емес, адам өміріне деген жауапкершілік. 

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев