Халықтың орташа өмір жасы 5,6 жасқа өсті
Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ел дамуының деңгейін көрсетеді. Бұл тұрғыдан келгенде елімізде ауыз толтырып айтар жетістік бар. Мәселен, 4 жылда отандастарымыздың орташа жасы 5 жарым жылға өсті, деп хабарлайды 24KZ.
Ана мен бала өлімі азайып, алдын ала скринингтік тексеруден өтетіндер көбейді.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
– Кейінгі жылдары елде орташа өмір сүру жасы ұлғайып келеді. Мәселен, 2021 жылы 70 жастан сәл асқан еді. Араға төрт жыл салып, бұл көрсеткіш 76-ға жетті. Яғни ел тұрғындарының ғұмыры орта есеппен 5 жарым жылға ұзарып отыр. Мамандар мұны отандық медицина сапасының жақсаруымен байланыстырады. Соның арқасында биыл қаңтар-шілде аралығында ана өлімі 17,5 пайыз кеміді. Және тағы бір айтары, ерлер мен әйелдердің өмір жасындағы айырмашылық қысқарып келеді.
Шынар Төлешова, Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының маманы:
– Ер адамдар мен әйел адамдардың жалпы өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы да біртіндеп кеміп келе жатыр. Енді 90-шы жылдармен салыстырсақ, 90-шы жылдары бізде Қазақстанда ер адам мен әйел адамның өмір сүру ұзақтығының алшақтығы 10 жылдан асып кеткен болатын, 11 жыл құраған болатын. Ал қазір осы көрсеткіш 7,6 жасқа азайып отыр.
Яғни былтыр әйелдердің орташа жасы 80-ге таяды. Ал ер-азаматтардың жасы 72-ден асты. Мамандардың айтуынша, ер адамдардың өз денсаулығына бей-жай қарамағаны маңызды. Кейінгі жылдары жиі тексеруден өтіп, салауатты өмір салтына бет бұрғандар көбейген. Тағы бір мәселе, өмір жасының ұзаруымен қатар, халық саны да өсіп келеді. Кейінгі 20 жылда ел халқы 5 млн-ға өсіп, 20 млн-нан асты.
Мадияр Алдияров, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары:
– 2210 Жыл сайынғы өсу қарқыны 1,5 пайызды құрайды. Яғни әр 10 жылда Қазақстан халқы 2,5 млн-ға өсіп отырған. Алдағы уақытта, әрине, демографиялық өсім өз жалғасын табады деп болжануда. 2036 жылы, яғни 10 жылдан кейін халық саны 22 млн-ға, ал 2046 жылға қарай халық саны 24 млн-ға өседі деп жоспарлануда.
Қазір ел халқының 36 пайызы ауылда тұрады. Орташа жасқа келсек, ауылдағы көрсеткіш қалаға қарағанда сәл төмен. Егер қалалықтардың жасы 76,6-ны межелесе, ауыл тұрғындарының жасы 75-ке жуықтайды. Алайда мамандардың пікіріне сүйенсек, кейінгі жылдары бұл айырмашылық та қысқарып келе жатыр.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов