Жаңаарқада орман қоры ұлғайды
Жаңаарқадағы орман шаруашылығына 2 млн түп қарағай егілді.
Жас көшеттер солтүстік облыстардан сатып алынды. Себебі климаты ұқсас, тез бейімделіп кетеді, дейді жауаптылар. Мамандар орман алқабын ұлғайту жұмыстарын күзде де жалғастырамыз деп отыр.
Жаңаарқадағы Қараағаш орман шаруашылығының аумағын ұлғайту жұмыстары 3 жылдан бері жүргізіліп жатыр. Биыл 350 гектарға 2 млн қарағай көшеті егілді. Бұл мақсатқа республика бюджетінен 120 млн теңге бөлінді. Жас өскін Ақмола облысындағы тұқымбақтан сатып алынды. «Қатал климатқа бейім қарағай көшеттері Жаңаарқа даласында жақсы жетіліп кетеді»,- дейді орманшылар.
Өмірсерік Жангелді, Қараағаш орман шаруашылығының директоры:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, ормандық алқаптарға 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жоспарға сәйкес жұмыстарымыз. Қазіргі күнде орман шаруашылығынан 9 техника, 29 қызметкер және 7 уақытша қызметкер атсалысып жатыр. Бүгінгі күні ағаш отырғызу жұмыстары өз мәресіне жетіп қалды.
Орман шаруашылығы өткен ғасырдың 40-жылдары құрылған. Аумағы 22 мың гектарға жуық. Оның 6 мың гектары ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Мұнда аң мен құстың 15 түрі мекендейді. Олардың арасында қызыл кітапқа енген түрлері де бар. Ал ағаштың 13 өседі. Қарағай, қайың мен үйеңкіден бөлек жиде мен жабайы алма бар.
Бейсетай Әлин, орманшы:
- 85-87 жылдардан бастап осы қарағай көшеттерін отырғыза бастадық. Қазір міне зәулім-зәулім орман болды. 2024 жылы 300 гектар ектік. Міне биыл да жалғастырып жатырмыз. Орманды келешекте қорғап, осыны малдан, зиянкестерден қорғап балаларға қалдыруымыз керек. Аманат қылып өткізуіміз керек жастарға.
Алдағы күзде орман алқабын тағы 400 гектарға ұлғайту жоспарда. Әзірге көшеттер өзге өңірлерден жеткізіледі. Осы олқылықты жою мақсатында Жаңаарқа кентінде 70 гектар аумаққа тұқымбақ салынып жатыр. Қазір орманшылар өрт қауіпті кезеңіне қамданысқа кірісті. Өрт сөндіру техникаларын сайлап, күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев