Дәуірге айналған тұлға – Дінмұхаммед Қонаев

Ұлтымызда феноменге айналған тұлғалар аз емес. Солардың бірі еліміздің дамуына ерекше ықпал еткен - Дінмұхаммед Қонаев. Оның есімі өндіріс пен ғылымның, мәдениет пен қала құрылысының өркендеуімен тығыз байланысты. 

Қонаев дәуірін безбендеп, сол кезеңге үңілгісі келгендер әуелі тарихи тұлғаның Алматыдағы музей-үйіне табан тірейді. Бұл шаңырақ Дінмұхаммед Ахметұлын тек мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, шынайы тұлға ретінде де ашып көрсетеді. Музей директорының айтуынша, тарихтан сыр шертетін орын Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабының негізінде жасақталған.

Елена Құбашева, Д.А. Қонаев музейінің директоры:

- Сол кітаптың ішінде Димаш атамыздың жақсы деген бірегей сөздері бар. Соның біреуін айтқым келеді. Былай айтқан екен: Мен биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам, ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де қара жер, қастерлей берсем қадірім кетпесін білдім. Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім деп жазған екен.

Дінмұхаммед Қонаев Қазақстанды ширек ғасыр уақыт басқарды. Ол билікке келген тұста республика Кеңес Одағы құрамындағы аграрлы аймақтардың бірі болатын. Ал Қонаев кезеңінде Қазақстан индустриясы дамыған, өндірісі өркендеген ірі республикалардың қатарына қосылды. Оның бастамасымен түсті металлургия, энергетика, көмір өндірісі қарқын алды. Экономика дамыды.

Константин Черепанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі:

- Ол өндірістің бүкіл тізбегін — кен өндіруден бастап, күрделі механизмдерге дейін толық түсінген. Ал мұндай жүйесіз республиканың индустриялық дамуын ұйымдастыру мүмкін емес еді. Тың игеру жылдары ауыл шаруашылығында заманауи өндіріс пен жоғары технологияны ұштастыра білді.

Қонаевтың тұсында Алматының келбеті өзгерді. Жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан пайда болды. Мектеп пен балабақша ғимараттары, оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет сарайы, Медеу мұз айдыны, Ұлттық кітапхана салынды. Бұл кезеңді тарихшылар «Қазақстанның инфрақұрылымдық серпіліс дәуірі» деп бағалайды. Дінмұхаммед Ахметұлының республикада бірінші адам бола тұра сән-салтанатқа бой алдырмай, қарапайым өмір сүргені көпке белгілі. Тіпті күзетшілері қызметін жасырын жүргізген.

Диар Қонаев, Д.А. Қонаевтың немере інісі:

- Ол әрдайым адамдарға көмектесуге тырысатын. Оның өмірдегі басты ұстанымы – халыққа көмектесу еді. Бар күш-қажырын осыған жұмсады. Сондықтан көптеген өнер, мәдениет қайраткерлері мен ғалымдар жақсы пәтерлерге ие болып, баспана қиындығын көрген жоқ.  Ол бәріне осы жағынан қолдау көрсетті. Оның адамдарға деген ықыласы ерекше болатын. Адамгершілік қасиеттері өте жоғары деңгейде еді.

Дінмұхаммед Қонаев есімі ел жадында мемлекетшіл тұлға, парасатты басшы ретінде сақталды. Оның өмір жолы – елге қызмет етудің, қарапайымдық пен жауапкершіліктің үлгісі десек артық айтпаймыз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Абен Нарымбаев