Автомектептердің қызметіне бақылау күшейеді

Енді кім көрінген автомектеп ашып, оны бизнеске айналдыра алмайды. Сондай-ақ денсаулығында кінәраты бар азаматтарға жүргізуші куәлігі берілмейді.

Мәжіліс депутаттары салаға қатысты заң жобасын қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Мұндай шаралар расында жол қауіпсіздігін арттырады ма? Көлік жүргізушілерін даярлау жүйесі ретке келе ме? 

Астанадағы мына автомектептің жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қалада бірнеше филиалы пайда болған. Бұл нысандарда жыл сайын шамамен 300 курсант тиісті сертификатын алады. Мұндағы оқытушылар: «Жаңа заң тезірек қабылданса игі», - дейді. 

Руслан Асаубаев, автоинструктор:

- Бұл салада лицензия жасау дұрыс деп ойлаймын. Ол жүргізушілердің даярлық деңгейін көтереді деген мақсаттамын және нарықта тек сапалы мектептер қалады деген ойдамыз. 

Расында, Мәжіліс қараған заң салаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейді. Мысалы, қолданыстағы талапқа сай автомектептер еGоv порталы арқылы қызметінің басталғаны жайында тиісті органға тек хабарлама жібереді. Ал мемлекет оларды алдын ала тексеріп алмайды. 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елімізде 727 автомектеп бар. Олар «хабарламалық» тәртіп бойынша жұмыс істейді. Яғни автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. еGоv порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізілмейді. Бұл кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне әкеліп соғып отыр. Сондықтан автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі.

Осылайша, енді автомектептердің қызметі рұқсат беру режиміне ауысады. Яғни олар жұмысын бастамас бұрын нысандарында қажетті материалдық-техникалық база, оқу алаңдары мен көліктер және білікті оқытушылар болуға тиіс. Аталған дүние болса ғана оларға жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Ал рұқсаты бар автомектептердің тізімін Ішкі істер министрлігі жүргізуге міндеттеліп отыр.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі  нақтыланады. Автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда  автомектептердің қызметіне  рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.

Депутаттар қараған құжатқа сәйкес Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізушілерге қатысты медициналық деректері Ішкі істер министрлігіндегі дерекқормен біріктіріледі. Бұл денсаулығына байланысты көлік басқара алмайтын азаматтарға қатысты. 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес елімізде 22 600 адамның көлік құралдарын басқаруға қарсы медициналық диагноздары бар. Оның ішінде 5 500 адамның жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылған. Бұл рәсімге айлар, тіпті жылдар кетуде. Бұл – маңызды мәселе. Енді осы мәселені шешуге мүмкіндік туатын болады. Бұл ретте азаматтардың нақты диагноздары берілмейді, тек денсаулық жағдайына байланысты «көлік жүргізуге болмайды» деген ақпарат қана ұсынылады.

Қорытындылай келе, заң жобасы жүргізушілерді даярлаудың тиімді әрі ашық жүйесін қалыптастырып, республикадағы жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек. 

Авторлары: Альмира Оразбай, Мұрат Әріпханов, Мерей Талап