Автомектептерге қойылатын талаптар қандай?

Жаһан елдерінде жүргізуші куәлігін алу талаптары әртүрлі. Кей мемлекеттерде болашақ жүргізушілер ұзақ дайындықтан өтіп, бірнеше кезеңнен тұратын қатаң емтихан тапсырады. 

Мұндай ережелер жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, көлік апаттарын азайту үшін енгізілген. Жалпы әлем елдерінде автомектептерге қандай талап қойылады? 

Германияда жүргізуші куәлігін алу үлкен жауапкершіліктің сынағы іспеттес. Мұнда болашақ жүргізушіні көлік айдауға ғана емес, жолдағы кез келген күтпеген жағдайға дайын болуға үйретеді. Сондықтан автомектептерге қойылатын талап та жоғары. Оқу орталықтары міндетті мемлекеттік лицензия алуы керек. Арнайы жабдықталған көліктер мен кәсіби нұсқаушыларсыз жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Оқу бағдарламасы теория мен тәжірибені қатар қамтиды. Ал жүргізуші куәлігінің құны кей өңірлерде 4,5 мың еуроға дейін жетеді. Бұл – шамамен 2,5 миллион теңге. 

Жапонияда жүргізуші болу ұзақ дайындық пен қатаң тәртіптен өтуді талап етеді. Елде жол қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Сондықтан жүргізушілерді даярлау жүйесі әлемдегі ең күрделі бағдарламалардың бірі саналады. Көпшілік мемлекеттік лицензиясы бар автомектептерде білім алады. Мұндай орталықтардың жеке автодромы, бекітілген бағдарламасы және арнайы сертификатталған нұсқаушылары болуы міндетті. Жапонияда жүргізуші куәлігін алу құны орта есеппен 350 мың иенге жетеді. Бұл шамамен 1 миллион теңге. 

Ал АҚШ-та жүргізуші даярлау жүйесі штаттарға байланысты өзгереді. Сондықтан талаптар да әр өңірде әртүрлі. Мысалы, Калифорнияда жасөспірімдер нұсқаушымен бірнеше сағат міндетті тәжірибеден өтіп, ата-анасымен бірге ондаған сағат көлік жүргізуі керек. Ал Техаста теориялық сабақтардың бір бөлігін онлайн оқуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар АҚШ-та автомектептерге қойылатын талап Еуропа мен Жапонияға қарағанда жеңіл. Кей нұсқаушылар бірнеше апталық дайындықтан кейін жұмысқа кірісе алады. Жүргізуші куәлігін алу құны штатқа қарай 300-ден 1000 доллар аралығында.