Энергия тарату станциясына айыппұл салынды

Қарағанды облысындағы Топар бас энергия тарату станциясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. 

Мамандардың мәліметінше, кәсіпорындағы №8 қазандықтан атмосфераға зиянды қалдықтар тараған. Сонымен қатар күл шығатын каналдың толып қалғаны және бірқатар жабдықтың технологиялық жұмыс режимі бұзылғаны анықталды. Тексеру «Благодарю» қоғамдық қорының өтініші негізінде ұйымдастырылды. Экологтар әкімшілік шара қолданып, кәсіпорынға айыппұл салды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген энергия нысанының жабдықтары әбден тозған. Қазір станцияда жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Зейнеп Қоңырбаева, Экология департаментінің бас маманы:

- Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 206 және 207-баптарының талаптарын бұзу фактілері анықталды. Сонымен қоса кәсіпорынға 1 миллион 946 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.