ТҮРКСОЙ: Қазақстанның цифрлық тәжірибесі түркі елдеріне үлгі

Қазіргі геосаяси ахуал күрделенген кезеңде цифрландыру мен жасанды интеллект түркі мемлекеттері үшін стратегиялық бағытқа айналып отыр. 

Сондықтан бауырлас елдер бұл салада бірлесіп әрекет етуі керек. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев осылай дейді. Оның айтуынша, бұл бағытта Қазақстан түркі елдері арасында озық тәжірибеге ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтетін түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Басқосуда цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралады. Алқалы жиынның Түркістанда өтуінің символдық мәні зор. «Себебі көне шаһар түркі дүниесінің тарихи және рухани байланысын жалғайтын маңызды орталық», - дейді Сұлтан Раев.

Сұлтан Раев, Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы:

- Қазіргі таңда әлемде түрлі қақтығыстар, дағдарыстар мен табиғи апаттар көбейді. Осындай кезеңде түркі халықтарының өзара ынтымағы, экономикалық және мәдени байланыстары ерекше маңызға ие болып отыр. Мұндай жаһандық мәселелерді бір ел жеке шеше алмайды. Сондықтан түркі мемлекеттері күш біріктіріп, ортақ бағытта жұмыс істеуі қажет. Ал Қазақстанның мұндай маңызды кезеңде түркі мемлекеттері көшбасшыларын бір алаңға жинап, өзекті мәселелерге назар аударуы – маңызды қадам.