778 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Қызыл-тал ауылының тұрғындары қолдағы малын өріске емін-еркін шығара алады. Бұған дейін жайылым тапшы еді.
Мәселені кассациялық сот шешіп берді. Құзырлы орган осыдан 10 жыл бұрын ауыл іргесінен 900 гектар жерді жекеге жалға берген әкімдік қаулысын заңсыз деп таныды. Жалпы облыс бойынша кейінгі 4 жылда 778 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Алты мыңға жуық тұрғыны бар Қызылтал ауылы бұрын жеке округ еді. Алайда урбанизация үрдіс алып, Ақсай атты шағын шаһардың шекарасы ұлғайғасын, 2013 жылы ықшам аудан атаныпты. Қоныстары қалаға қарағанымен, одан ауыл өмірі өзгеріп кете қойған жоқ. Тұрғындардың көбі төрт түлік бағып күн көреді. Бірақ соңғы 10 жылда мал жаятын жер қалмапты. Ауылдың шығысындағы 900 гектар жер 2016 жылы сол кездегі аудан әкімінің қаулысымен жекеге жалға беріліпті.
Саясат Уәлиханов, ауыл тұрғыны:
- Малымызды шығарайық десек, мына жер тар. Мына жақтан қалаға кіріп кетеді деп қайырады. Жерге сыймаймыз. Өзімде жылқы мен қойымды санамағанда 20-ның үстінде бас бар. Мына жер болмаған соң, басқа жерге апарып қосып жүрміз.
Мұрат Ғалиев, ауыл тұрғыны:
- Мына ауылда 1200-дей ірі қара бар, 3,5 мың қой, 600-дің үстінде жылқы, соның жайылатын жері тарылып кеткен соң әкімдікке барып жер сұрағанбыз. Өзіміз қол жинап, содан сот болды. Жеке қожалық келіскен жоқ. Оған басқа жер беріп еді. Енді соның нәтижесі шешілді. Соған ел қуанып бүгін жиналыс болды.
Тұрғындардың арызы облыстық, одан кейін апелляциялық сотта қаралыпты. Төменгі инстанциялар кәсіпкердің мүддесін қорғаса, жуырда өткен кассациялық сотта ауылдың ортақ жайылымын жекеге жалға беру жөніндегі қаулыны заңсыз деп таныды. Енді жайылым мемлекет меншігіне қайтарылып, ортақ пайдалануда болады.
Ізбасар Ғабидуллин, Бөрлі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Аталған мәселе аудан әкімдігінің халықпен кездесуінде де бірнеше мәрте көтерілді. Өтінімді қарау барысында шаруа қожалықтың иесімен де бірнеше мәрте кездесу өткізілді. Алайда бір мәмілеге келмегендіктен, 2022 жылы жер учаскесін мәжбүрлеп мемлекет меншігіне қайтару туралы қаулы шыққан болатын. Бірақ қожалық бұл қаулыға шағым берді. Кассациялық сотының қаулысымен 900 га жер учаскелері Қызылтал ауылының мемлекеттік мұқтажы үшін қайтарылған болатын.
Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану - күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Соңғы 4 жылда өңірде 778 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Соның 513 мыңы қайтадан конкурсқа шығарылған.
Нұржан Мақсотов, БҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Кейбір жерлерде жаңағы алған жерлерін мақсатына сай пайдаланбау фактілері де орын алуда. Ондай материалдар біздерде жер инспекциясына жолданатын болады. Сонымен қатар бүгінгі күні біздің өңірімізде жайылым тапшылығы 528 мың гектарды құрап отыр. Енді жайылым дефицитті азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның біреуі мысалға 460 мыңнан астам жер резервке қойылды, 133 мыңнан астам жер жаңағыдай әкімдіктердің балансына бекітіп берілді.
Дегенмен аталған салада түйткілді жайттар да жоқ емес. Соның бірі – кәсіпкерлердің өз міндеттемелерін орындамауы. Конкурс кезінде жерді жалға алушылар миллиардтап инвестиция салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға уәдені үйіп-төккенімен, артынан сөз бен іс қабыспай жатады. Бұл жағдайда өздігінен жерді жедел қайтаруға атқарушы органдардың құзіреті жеткіліксіз.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов