Ақтөбе облысында 2,4 млн тонна жем-шөп қоры жасақталды
Ақтөбе облысы биыл 2 млн 418 мың тонна жем-шөп әзірлеген. «Жиналған қор алты ай қыстан қысылмай шығуға жетеді», - дейді олар. Мал шаруашылығы бар Батырбек Шәулен алдағы қысқа әрқайсы 350 келі болатын 2 мың орама шөп дайындап қойды. Одан бөлек, арпа-бидай қоры да бар. «700-ге жуық ірі қара мен ұсақ малын шашау шығармай қыстан шығаруға жеткілікті», - дейді. Биылғы жаз бен күз қор жинауға қолайлы болған.
Батырбек Шәулен, «Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы:
- Шөпті сатпаймыз. Бірақ енді осы айналадағы кейбір шаруашылықтар бар, басқа да жеке адамдар бар, олар жинап үлгере алмай қалады. Қыстың күні көбіне көмекке керек. Қыстың ортасында, наурыздың аяғында көбіне «шөп берші» деп келетін шаруашылықтар көп. Сондықтан мен өзім артығымен жинаймын. Кейбір кездері ауысып жатса, береміз.
Облыстың шаруа қожалықтарын субсидиялауға биыл бюджеттен 4 млрд 200 млн теңге бөлінді. Шөп шабу науқанына кіріскен шаруаларға жеңілдетілген бағамен 615 тонна дизель отыны берілді. Сонымен қатар ескі техника паркін жаңартуға лизинг бағдарламасы да қарастырылды.
Нұржас Матбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Мысалы, қосымша техника сатып алынды. Қазіргі таңда үш млрд теңгеге 466 мал азығын дайындайтын техника лизингке берілді. Оның 30 пайызы субсидияланды.
Жалпы биыл облыстағы шаруа қожалықтары 2 млн тоннадан астам шөп әзірледі. Сүтті ірі қара ұстап отырған фермалар 7 мың тонна пішен, 26 600 тонна сүрлемді қоймаға түсірген. 225 мың тоннадан астам жем қоры бар. «Бұл өңірде қыстауға түсетін 1 млн-нан астам төрт түлікті қамтамасыз етуге жеткілікті», - дейді мамандар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев