Кінәлілер жауапқа тартылды: Жамбыл облысында шетелдіктерді жалған тіркеу схемасы әшкереленді
Жамбыл облысы Қордай ауданының прокуратурасы шетел азаматтарын жалған тіркеу фактілерін анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Қордай ауданының Қалғұты ауылындағы мекенжайлардың біріне Өзбекстанның 12 азаматы тіркеліп, іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, сонда жұмыс жасап жүрген. Осы сияқты құқық бұзушылықтар Сортөбе ауылында да анықталған, онда Қырғыз Республикасының 9 азаматы жалған тіркеуге қойылғанымен, басқа өңірлерде тұрып, жұмыс істеген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жалған тіркеулердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауаптылыққа тартылды.
«Прокуратура шетел азаматтарының еңбегін бірнеше рет заңсыз пайдаланған азаматтарды қылмыстық жауаптылыққа тартты. Атап айтқанда, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін бұрын екі рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған дәмхана иесі 2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айларында қайтадан осындай құқық бұзушылықтарға жол берген – рұқсат құжаттарынсыз және еңбек қатынастарын рәсімдемей, шетел азаматтарын жұмысқа қабылдаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 395-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып,тергеу нәтижелерімен қылмыстық іс сотқа жолданған. Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалған», – делінген хабарламада.