Сырдария өзенінің бассейніндегі жағдай алаңдатады
Сырдария өзені бассейніндегі су нысандарының жәйі жақсармай тұр. Су айдынындағы 15 коммуналдық каналды бетондауға қаржы тарту қажеттігі бар.
Мұнымен қоса тіршілік нәрінің шығынын үнемдеуге бағытталған шараларды ширату керек. Сыр өңіріндегі өзекті мәселені бүгін сенатор Руслан Рүстемов көтерді. Депутаттың дерегінше, қазіргі таңда облыста барлығы 268 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Десе де өзендегі каналдардың басым бөлігі ескірген. Кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген нысандарды жаңалау керек. «Үкімет тарапынан назар салынса» , - деді халық қалаулысы.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өзен суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келуі себебінен Арал, Сырдария бассейн аумағындағы екі аймақтың ішінде Қызылорда облысы су тапшылығынан ең ауыр зардап шегіп отыр. Жалпы ұзындығы 16 мыңнан асатын шақырымды құрайтын суару жүйелері бар. Аталған каналдардың барлығы 1960 жылдары пайдалануға берілгендіктен бүгінгі күні техникалық жағдайы өте төмен.