Қазақстаннан білікті кадрлар кетіп жатыр: соңғы 5 жылдағы көрсеткіш қандай?
Соңғы бес жылда Қазақстаннан 4 мыңнан астам техник, экономист және педагог кеткен. Бірнеше жыл бойы білікті мамандардың шетелге кетуінен кейін Қазақстанда соңғы уақытта кәсіби кадрлар арасындағы көші-қон сальдосы оң көрсеткішке шыға бастады, деп хабарлайды «24KZ».
Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылы елге кәсіби білімі бар 7,9 мың адам келсе, 3,6 мың маман шетелге қоныс аударған. Нәтижесінде көші-қонның оң сальдосы 4,2 мың адамды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, көші-қон көрсеткішінің жақсаруына көбіне Ресейге кететін азаматтар санының азаюы мен Өзбекстаннан келетіндердің көбеюі әсер еткен.
Экономика үшін маңызды салаларда әлі де мамандар тапшылығы сақталып отыр. Әсіресе, техникалық кадрлар арасында теріс көрсеткіш байқалады. Соңғы 5 жыл ішінде кеткен мамандар саны келгендерден 2,1 мың адамға көп болған. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде аса маңызды мәселе саналады.
Соңғы бес жылда:
– техникалық мамандар саны 2,1 мың адамға;
– экономистер 1,4 мың адамға;
– педагогтер 813 адамға азайған.
Айта кетерлігі, көші-қон үрдісіндегі бетбұрыс, 2023 жылдан басталған. Сарапшылар, 2022 жылдан кейінгі геосаяси өзгерістер Қазақстандағы сыртқы көші-қонға айтарлықтай әсер еткен.
Қазақстан ұзақ жылдар бойы Ресеймен арадағы көші-қон алмасуында халық санын жоғалтып келді. Ресей — білікті мамандар жиі қоныс аударатын негізгі бағыттардың бірі болған. 2000 жылдан 2021 жылға дейін Ресеймен арадағы көші-қонның теріс сальдосы жыл сайын орта есеппен шамамен 30 мың адамды құраған.
2022 жылы бұл көрсеткіш минус 13,5 мың адамға дейін қысқарды. Кейін көші-қон ағыны іс жүзінде тоқтауға жақындады:
2023 жылы теріс сальдо небәрі 26 адам болды;
2024 жылы шамамен 800 адамды құрады;
ал өткен жылы бар болғаны 46 адамға тең болған.
Сонымен қатар Өзбекстаннан келетін көші-қон айтарлықтай артты. Егер 2016–2022 жылдары бұл елмен арадағы оң сальдо жыл сайын шамамен 3–5 мың адам деңгейінде болса, 2022–2023 жылдары көрсеткіш 6,3 мың адамға дейін өсті. Ал 2024–2025 жылдары жылына шамамен 12 мың адамға жеткен.
Осылайша Қазақстан адами капитал сапасына және экономиканың ұзақ мерзімді дамуына тікелей әсер ететін салалардағы мамандарын жоғалтуды жалғастырып отыр.
2025 жылғы оң көрсеткішке қарамастан, ұзақ мерзімді перспективадағы жағдай тұрақты деуге келмейді. Қазіргі көші-қон өсімі көбіне ТМД елдерінен келетін мамандар есебінен қалыптасып отыр. 2025 жылы бұл елдерден 6,5 мың маман келсе, 2,5 мың адам кеткен. Таза өсім шамамен 4 мың адамды құрады.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан мен дамыған елдер арасындағы жалақы, мансаптық мүмкіндік және білім сапасы бойынша айырмашылық сақталған жағдайда «ми ағымы» қаупі әлі де өзекті болып қала береді.