IT-мамандар ауылдарда даярланады

Абай облысының Аягөз ауданында жас техниктер станциясы ашылды. Енді жергілікті оқушылар робототехника, бағдарламалау және авиамодельдеу бағыттарын терең оқи алады. 

Ал шығармашылыққа жақын балалар үшін тігін және қыш өнері кабинеттері жұмыс істейді. Жаңа нысан Digital urpaq: Ayagoz 2026 технологиялық фестивалі аясында таныстырылды.

Жас техниктер станциясының ашылуына орай Аягөзде робототехникадан турнир ұйымдастырылды. Онда әр ауданнан келген 150 оқушы өз жобаларын ұсынды.

Темірлан Әбілахан, оқушы:

- Командада көп жұмыстар бар. Программист 3D мөрмен айналысатын балалар бар. Инженерлер, редукторлармен жобаларын жасайды.

Жас техниктер станциясы Jasampaz Urpaq пилоттық жобасы аясында ашылды. Бастама облыс әкімінің ұсынысымен және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асты. Жоба аясында қосымша білім беру мекемелері ертеректе Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарында да ашылған.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдаланып, жас ұрпақты жаңа технологияларға бейімдеуіміз қажет» деп атап өткен болатын. Бүгінгі ашылып отырған орталық осы стратегиялық бағыттың айқын жемісі. Себебі бұл жай ғана мекеме емес, бұл жас таланттардың қиялына қанат бітіретін ғылым мен өнер тоғысатын киелі шаңырақ болмақ.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» ҚҚ ОФ Басқармасының төрағасы:

- 2022 жылдан бастап Абай облысына 15 млрд-қа жуық қаражат бөлініп, жобалар іске асырылып жатыр. Бұл – медицина, әлеуметтік қолдау саласында және спорт, білім, мәдениет.

Қазір Аягөздегі жас техниктер станциясының 13 үйірмесіне 200-ден астам оқушы қатысады. Алдағы уақытта тағы 8 жаңа бағыт іске қосылады. 

Авторлары:  Данияр Сұлтан, Медет Өмірханов