Ресей өңірлерімен ынтымақтастық артады

Қазақстан халал индустриясы саласында Ресей өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазан қаласында өткен «Ресей – ислам әлемі» халықаралық форумында мәлімдеді. Экономикалық серіктестік қалай өрбіп келеді? Бірлескен жобалардың әлеуеті қандай?

Бүгінде халал индустриясы тек ет және азық-түлік өндірумен шектелмейді. Бұл бағыт халықаралық стандарттары, сертификаттау жүйесі және сапа бақылауы бар ірі жаһандық нарыққа айналды. Оның құрамына исламдық қаржы, ингредиенттер мен қоспалар өндірісі, сондай-ақ өнімдерді тасымалдау және сақтау логистикасы кіреді. Форумда Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға қатысты жобаларын таныстырды. Сонымен қатар Ресей өңірлерімен және Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен өзара байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Форум халал индустриясының әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдалануға бағытталған. Бүгінде нарық көлемі 4 триллион доллардан асады. Қазақстанға тоқталсақ, еліміз халал сертификаттау бойынша экожүйе қалыптастырып үлгірді. Сонымен қатар қазақстандық сертификаттау жүйесі халықаралық "Смик" ((SMIIC)) және "Джи-Эс-Оу" ((GSO)) ұйымдарында мойындалған.

Қазанда өткен форум Қазақстан үшін Татарстанмен ғана емес, Ресейдің басқа да өңірлерімен ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаңға айналды. Чувашия мен Мордовия елдері халал индустриясы және инвестициялар саласындағы ортақ жобаларға қызығушылық танытып отыр. 

Талия Минуллина, Татарстан инвестициялық даму агенттігінің басшысы:

- Инвестициялық тұрғыда Қазақстанда өте қолайлы саясат қалыптасқан. Сондай-ақ Қазақстан қазіргі таңда исламдық қаржы саласын дамыту бойынша ТМД елдері арасында көш бастап келеді. Қырғызстан мен Өзбекстан бұл бағытта заңнамалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Ал Қазақстан әлдеқайда алда. Елдердің географиялық жақындығын ескерсек, өзара ықпалдастық пен бірлескен жобалардың әлеуеті өте жоғары.

Қазанда өтіп жатқан 17-халықаралық экономикалық форум жыл сайын ислам әлемі елдерінің билік өкілдері, бизнес және сарапшылар қауымдастығының басын қосады. Биылғы іс-шараға 100-ге жуық мемлекеттің делегациялары қатысуда. Негізгі назар сауда, логистика, халал индустриясы, исламдық қаржы, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға аударылған. 

Нұрбике Жігер, Наргиз Рахымжан