«Ұлттық қор – балаларға»: балалардың шотына 53 млн доллар түсті
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 297 мыңнан астам өтініш орындалып, азаматтардың шоттарына 53 миллион АҚШ долларынан астам қаражат аударылған, деп хабарлайды «24KZ».
БЖЗҚ мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім алу ақысын төлеуге бағытталған. Атап айтқанда, баспана мәселесін шешуге 187 597 өтініш бойынша 33,39 млн доллар, ал білім алуға 110 298 өтініш бойынша 19,7 млн доллар жұмсалған.
Тұрғын үй бағыты бойынша ең көп сұраныс тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға түскен. Бұл мақсатта 183 мыңнан астам өтініш орындалған. Сонымен қатар ипотека бойынша бастапқы жарна енгізу және баспана сатып алу мақсатында да қаражат пайдаланылған.
Ал білім беру бағыты бойынша қаражаттың басым бөлігі Қазақстандағы оқу орындарының қызмет ақысын төлеуге бағытталған. Бұдан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу және білім беру жинақ салымдарын толықтыру бағыттары да сұранысқа ие.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әр балаға 130,71 АҚШ доллары көлемінде қаражат есептелген. Бұған дейін 2024 жылы – 129,38 доллар, ал 2023 жылы 100,52 доллар аударылған болатын.
Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балалардың жинағы жыл сайын инвестициялық кіріс есебінен ұлғайып келеді. Қазіргі есеп бойынша үшінші жыл қатысып отырған баланың шотында 370 доллар 56 цент, екінші жыл қатысушыда – 263 доллар 93 цент, ал бірінші жылғы қатысушыда 130 доллар 71 цент жинақталған.
Бағдарламаға қатысушылар туралы ақпаратты ата-аналар мен заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты, eGov.kz порталы және мобильді қосымшалар арқылы тексеруге болады.