Алматы әуежайын жаңарту жұмыстарын ширату қажет
Алматы халықаралық әуежайындағы жаңғырту жұмыстарын ширату қажет.
Әуежайдағы реконструкция барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев осылай деді. Нысанды басқаруды қолға алған компания былтыр тамыз айында әуежайды дамыту бойынша бес жылға арналған бас жоспарды бекіткен еді. Жобаның жалпы сомасы 360 млн доллар. Бұның аясында терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды жобалар қарастырылған. Бірінші вице-премьер Мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикалар деңгейіне шығару міндетін қойғанын атап өтті. Және Үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын, сондай-ақ оған жан-жақты қолдау көрсететінін баса айтты.
ЦИТАТА
- Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғырту қарқынын арттыру қажет. Ал қала әкімдігі жұмыс сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауға тиіс.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары