Абай облысында ескі лифтілер жаңартылып жатыр

Бірақ барлығын бір уақытта ауыстыру мүмкін емес.

Жұмыс кезең-кезеңмен жүреді, дейді жауаптылар. Жалпы елде бес мыңға жуық лифті жаңғыртуды қажет етеді. Оның ішінде 25 жылдан бері қолданыста болған есік құрылғы көп.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Пожарная көшесіндегі 10-үйдің тұрғындары үшін лифт мәселесі әлі де өзекті. Лифт жиі істен шығады. Оны жөндеуге ұзақ уақыт кетеді. Ондайда тұрғындар жоғары қабатқа жаяу көтерілуге мәжбүр. Қалада әбден ескіріп, жиі істен шығатын лифтілер аз емес. 

Айкүміс Қуанбек осы үйде 10 жылдан бері тұрады. Үйдегі лифтінің техникалық жағдайы мәз емес дейді. Айтуынша, жиі істен шығып, жоғарғы қабатта тұратындар қиналып қалады.  

Айкүміс Қуанбек, қала тұрғыны:

- Осы үйде 9-этажда тұрамыз. Лифттер істемей қалады, бұзылып қалады. Сондай кезде шақырамыз. Олар 1-2 күнде жөндейміз деп айтады. Сөйтіп, 2-3 күнде жөндейді.

Аяужан Серікқазы, қала тұрғыны:

- Үлкен кісілерге мүлде қиын. 10-этажда тұратын кісілер бар. Осы жерде күтіп отырады лифт істегенше. Лифт істемейді. 2 күннің бірінде лифт істемейді. Ашық тұрады немесе мүлде тұрады. Үнемі солай.

Семейдегі көп қабатты үйлерде 925 лифт бар. Жартысынан астамының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір 90 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді. Мамандардың мәліметінше, 2024 жылдан бері қалада 7 лифт жаңасына ауыстырылған.

Мәдина Шарбақбаева, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұл лифтілер жаңарту бағдарламасы аясында ауыстырылды. Қаражат мемлекеттік бюджеттен қайтарымды негізде бөлінеді. Яғни бөлінген қаржыны кейін тұрғындар өтейді. Қазіргі таңда бір лифтіні ауыстыру құны 20 миллион теңгеден асады.

Жалпы елде 37 мың 918 лифт болса, техникалық қызметті тексеру қорытындысы бойынша 1924 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал 922 құрылғы апатты жағдайда. Мұндай нысандарды жаңарту тек техникалық қажеттілік емес, тұрғындардың қауіпсіздігі.

Бағдат Байбеков, тұрғын үй қоры басқармасының бас сарапшысы:

- 2019 жылдан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2742 лифт ауыстырылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тәртібі 246-қаулымен реттеледі. Лифт кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан оны ауыстыру туралы шешім пәтер иелерінің жалпы жиналысында қабылданады. Лифтіні ауыстыру тек тиісті хаттамалық шешім болған жағдайда жүзеге асырылады.

Жалпы ел бойынша 5 мыңға жуық лифтінің қызмет ету мерзімі өткен. Олар арнайы бағдарлама аясында қайтарымды қаражат негізінде жаңартылады, дейді жауаптылар. Яғни жұмсалған қаражатты тұрғындар 7 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта өтейді. Келесі жылы тұрғын үйлерді жөндеу мен лифтілерді жаңартуға республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге қарастырылған. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: