Елдегі тұрғын үй нарығы елеулі өзгерістерді бастан өткеріп жатыр

Мамандар жаңа пәтерлерге сұраныс күрт азайғанын айтады. Құрылыс саласындағы құбылмалыққа түркті болған фактор жетерлік. 

Әр адамға 30 шаршы метр тиесілі. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымы. Ал бізде өлшем сәл өзгеше. 23 шаршы метрге шақталған. Стандартты сақтасақ, көбі сыртта қалар еді. Сондықтан жұрт шаршы метріне емес, шамасына қарай пәтер іздейді. Жеке үй тұрғыза алмағандар тірнектеп, ипотекаға жарна жинайды. 

Жеңіс Шәріпұлы, қаржы сарапшысы:

- Бүкіл квартираларды адамдар қандай ақшамен алады? Көп адамадарда ақша жоқ. Бастапқы жарнасында жинау оңай емес. Ипотекаға байланысты, мемлекеттік программалардың азаюына байланысты нарықта сұраныс азайып жатыр. 

Баспаналы болу базалық мөлшерлемеге де тікелей байланысты. Оның пайызы артса, банктер де қарап қалмайды. Айла емес, амалы жоқтықтан жоғарлатады.  

Жеңіс Шәріпұлы, қаржы сарапшысы:

- Пандемиядан алдын ала алайықшы, 2020 жылға дейін бізде ипотеканың ставкасы 14 пайыз болған. Бизнеске де, халыққа да 14 пайызбен берілген. Қазір 20 пайызбен көбейген ставкалар. Әзірге бізде инфляция төмендемегенше, базалық ставка төмендемегенше біздерге ипотеканы әрі қарай беру қиын болады.

Қайталама нарықтан да қайыр болмай тұр. Ескі үйлерге үйір адамдардың саны тіптен азайған. Алайда ресми статистика басқаша сөйлейді. Өйткені мәлімет нақты мәмілеге емес, жарнама бағасына сүйеніп, жиналады. Жылжымайтын мүліктің жайын жақсы білетін Ермек Мүсірепов қазіргі жағдайды жайып салды. 

Ермек Мүсірепов, Қазақстанның Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті:

- Бастапқы нарықта құрылыс компаниялары әлі де прайс-парақтарды ұстап тұруға тырысып жатыр. Алайда іс жүзінде жасырын жеңілдіктер әлдеқашан басталды: бөліп төлеу, сыйлыққа жөндеу, ипотеканы субсидиялау, толық төлем кезінде жеңілдік, баға бойынша саудаласу. Бұл — күшті емес, әлсіз нарықтың белгісі.

Тұрғын үй нарығы еркін болған соң сіз бен біздің ырқымызға көнбейтіні түсінікті. Сөйтіп, жыл аяғында баға 20-25 пайызға өскен. «Бұл – басы ғана», -дейді сала мамандары. Бұған жаңа салық кодексі де себеп.  

Диляра Сейтнұрова, Qazaq Expert Club құрылыс сарапшысы:

- Осы жылдың аяғына дейін тағы 12-15 пайызға өсуін болжап отырмыз. Қосымша құн салығы 2026 жылдан басталған пәтерлерін сатып алу, сату кезінде енгізілген шарттардың бірі болып келеді. Сондықтан құрылыс компаниялар қосымша құн салығын өзінің бағаларына енгізуі керек.

Сондай-ақ баға құрылыс материалдарынан да құралады. Алайда жасыратыны жоқ, елде тұрғын үйдің қаңқасын көтеруге қажеттілік жабылған. Бетон, цемент, құм, тас пен арматурадан тапшылық жоқ. Тек, әрлеу үшін әлі де шетелге кіріптармыз. Ал негізгі шығын соған кетеді. 

Диляра Сейтнұрова, Qazaq Expert Club құрылыс сарапшысы:

- Біз толығымен импорттық материалдардан кеткен жоқпыз. Мысалы, былтыр 65 пайыз құрылыс импорттық материалдармен жабдықталған. Қазіргі кезде фабрикалар қосылып жатыр, кіші өндірістер қосылып жатқандықтан ол пайызы азайды. 55 пайызға азайды десек болады. Алайда толығымен 50 пайызға дейін құрылыс импорттық материалдармен жабдықталып жатыр.

Ермек Мүсірепов, Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті:

- Бұрын құрылыс компаниялары материалдардың қымбаттауын автоматты түрде сатып алушыға аудара алатын. Қазір бұл модель жұмысын тоқтатып жатыр. Себебі халықтың ақшасы азайып барады. Ипотека көпшілік үшін қолжетімсіз, инвесторлар кетіп жатыр, нарықта еркін өтімділік жоқ. Салдарынан қауіпті жағдай қалыптасады. Өзіндік құн өсіп жатыр. Десе де бағаны көтеру мүмкіндігі жоғалып барады.

«Сұранысқа қарай ұсыныс». Бұл – нарықтық экономиканың негізгі заңы. «Соған сәйкес қазір құрылыс компаниялары тұтынушылармен санасатын кезеңге дөп келдік», - дейді  сарапшы. 

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:

- Қазір үй сатып алуға ең тиімді уақыт. Себебі жазғы демалыстар, мамырдан тамызға дейін қолайлы ұсыныстар болып, құрылыс компаниялары жеңілдіктер жасауы мүмкін. Яғни сұрағанға табылған дейтін кезең. Десе де мынаны ескеру керек. Егер өзіндік құны 310 мың теңгеден төмендемейтін болса, онда пәтердің шаршы метрін 200 мың теңгеден сатып алу – ақшаңнан айырылумен тең. Өйткені кім көрінген ондай қаржыға үй сала алмайды. Яғни сапасына қатысты мәселе туындайды. Тіпті құрылыс тоқтап қалуы да мүмкін. Біз демпинг жасау арқылы алаяқтыққа барған жағдайлармен көп кездестік. 

Алайда құрылыс тұралай бастағанын сала сарапшылары бірауыздан айтып жатыр. Сонымен жаз айындағы жылымықтан кейін жылжымайтын мүлік бағасы қалай болмақ? Пікір әр алуан. Тек бір анығы егер баға негізсіз көтерілсе, оны халық түгілі нарық та қабылдай алмайды.

Авторы: Нысаналы Ығыл