Риелтордың 70 пайызы заңсыз жұмыс істейді

Ұлттық стандарт бар да, риелторлардың бірыңғай реестрі әлі жоқ. Қазақстанда енді осындай тізілімді құру ұсынылып отыр.

Сонымен бірге риелтор ұғымы болғанымен, ондай мамандық ресми түрде белгіленбеген. Міне, осы бір олқылық салдарынан кез келген жан өзін риелтормын деп тұрғын үй нарығында қызметін ұсына алады. Бұл да алаяқтардың арам пиғылын іске асыруға жол ашады. Айтқандай өзін-өзі ұйым, қазақстандық риелторлар қауымдастығы бар. Бірнеше жылдан бері осындай мәселені көтеріп жүр.

Риелторлық қызмет әсіресе Астана, Алматы және Шымкент секілді мегаполистерде жоғары сұранысқа ие. Мәселен, елдегі риелторлардың 35-40 пайыздайы Алматыда, 30 пайызға дейінгісі Астанада қызметін ұсынып жүр. Бас шаһар тұрғындарының көрсетілетін қызмет сапасына қаншалықты көңілі толады?

Осылайша, баспана сатып, не жалға бергізетін арадағы делдалдар өз-өзін сақтандырудың амалына әлдеқашан көшкен. Бір жағынан келісімшарт жасасу тұтынушының да құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Тек өкінішке қарай, қазақстандықтар келісімшартты оқуға құлықсыз. Салдарынан арада түсінбестік жағдайлар туындап жатады. Осы ретте, риелторлық келісімшарттың бірыңғай үлгісін заң жүзінде бекіткен абзал.  Өзін өзі реттейтін риелторлар қауымдастығы басшысының кеңесшісі Нина Лукьяненконың пікірі осыған саяды. Айта кетерлігі, үш жыл бұрын құрылған қауымдастыққа әзірге 30 риелторлық компания мүше ретінде тіркелген. 

Нина Лукьяненко, өзін өзі реттейтін риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі:

- Бүгінде нені көріп отырмыз? Іс жүзінде риелторлар бар, бірақ заң жүзінде ондай мамандық жоқ. Мамандықтар мен лауазымдардың бірыңғай тізілімінде риелтор мамандық ретінде тіркелмеген. Демек оған қойылатын қандай да бір талап та жоқ. 2021 жылы қауымдастығымыз мемлекет деңгейінде риелторлық қызметтің ұлттық стандартын енгізу туралы бастама көтеріп, жүзеге асырған едік. Сол стандарт бойынша айтылған ұсыныстың бірі – риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру.

Мұндай реестр құрылса, онда өзін риелтормын дейтін жанды тексеріп, көрсетіп жатқан қызметі қаншалықты заңды, рейтингсі қандай екенін көріп білуге болар еді. Ол үшін әлбетте, олар арнайы курс оқып, аттестациядан өтуге тиіс. «Сонда саладағы дау-дамайдың біразына тоқтау салынар еді», - дейді адвокат Ардақ Әбеуова.

Ардақ Әбеуова, адвокат:

- Аттестация дегеніміз не? Ол білімін тексеру, келісімшарттарын қарау, сонымен қатар аттестациядан өтпестен бұрын қандай да бір уақытта сабақтардан өту керек. Риелторлар да сабақтарға қатысып, өздерінің біліктіліктерін арттырып, олардың жұмыс істеп жатқан облыстарында ол жерде де өзінің қиындығы мен оңайшылығы бар ғой. Сондықтан соның бәрін жан-жақты білу үшін олар өзара, мысалы, нотариустер де, сот орындаушылары да, барлық жерде сабақтар жүріп жатады ішінде.

Бүгінде Мәжілісте риелторлық қызмет туралы арнайы заң жобасы талқыланып жатыр. Алдағы уақытта құжат қабылданса, риелтор мамандығына нақты ұғым беріліп, қызмет көрсетушілердің бірыңғай тізілімі құрылуы бек мүмкін.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Досбол Байдильдин