Өңірлерде 64 жаңа мәдени нысан салынып жатыр

Республикалық мәдениет ұйымдарының мүлкін жалға беру ережелері өзгерді.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Талап Шерхан мәлімдеді.

Оның сөзінше, бұрын жалға беруден түскен қаржы бюджетке берілсе, енді қаражат ұйымдардың өзінде қалады. Бұл бюджет жүктемесін азайтып, мәдени мекемелердің дамуына мүмкіндік береді. Бірқатар шығармашылық ұжымның материалдық техникалық базасы да жаңғыртылды. Елде мәдени инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр 252 жөндеуден өтсе, биыл тағы 60-тан астам нысанда құрылыс қарқын алған.

Биыл мәдени инфрақұрылымды дамыту мемлекет тарапынан ерекше назарда. Театрлар, музейлер, кітапханаларда жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл бастама халықтың өнер туындыларына қызығушылығын арттырып, шығармашылық ортаға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бейінді министрлік мәліметінше, биыл  64 мәдени нысанның құрылысы қарқын алған. 

Шерхан Талап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы қолға алынып, тағы 252 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп өңірлердегі 34 мәдениет үйі мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. 

Саланы цифрландыру тетіктеріне де ден қойылған. Мәселен, Qazaq Culture платформасы сегіз тілде жұмыс істейді. Ол Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ 286 музейдің дерегін біріктіретін E-Museum виртуал желісі іске қосылды. Онда 65 мыңнан астам жәдігер жайлы ақпарат бар. ЖИ ассистент бәрін жан-жақты түсіндіріп, көрсете алады. Киноиндустрияға да технологиялық шешімдер енгізіледі. 

Шерхан Талап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- «е-Кино» ақпараттық жүйесі кино саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, кассаға түсетін қаражатты толық цифрландыруға және нақты уақыт режимінде есеп жүргізуге бағытталып отыр. Қазір жүйені іске қосу бойынша тиісті техникалық және қауіпсіздік рәсімдері пысықталып жатыр. Бұдан бөлек, киелі нысандардағы есепке алу мен билет жүйесі цифрландырылды. 

Ал бүгін халықаралық музей күнінде  көне жәдігерлерді түнге дейін көруге мүмкіндік жасалды. Атаулы датаға орай барлық өңірде «Республикалық музей түні» акциясы өтеді. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұра, өнер, этномәдени бағыттарды тоғыстырған кешкі және түнгі бағдарламалар ұйымдастырылады. 

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова