Қала жұрты ауылда тұрғысы келеді
Темір қаласының тұрғындары қалада емес ауылда тұрғысы келеді. Жұртшылық халық саны 2 мыңнан сәл ғана асатын елдімекенге ауыл мәртебесі берілгенін қалайды.
Өйткені тұрғындар ауылға тиесілі жеңілдіктерден, көптеген мемлекеттік бағдарламалардан шет қалып отыр.
Іргетасы әскери бекініс ретінде қаланған Темір қаласы облыс орталығы Ақтөбемен бір жылда бой көтеріпті. Отырықшы елдің қоныстанғанына биыл 157 жыл толады. Бір жарым ғасыр бұрын елді мекенде 100-ге жуық баспана салынып, мешіт пен шіркеу, пошта мен қазақ-орыс мектебі жұмыс істеді. Көп ұзамай Қарақамыс жәрмеңкесі өтетін тоғыз жолдың торабына айналған.
Темір қаласы ХІХ-ғасырдың соңы, ХХ-ғасырдың басында мәдени, саяси және экономикалық орталықтардың бірі болған. Оған куәгер - дәл осындай зәулім ғимарат. 1895 жылы салынған баспана ірі саудагердің үйі болған көрінеді. Тарихи деректерге сүйенсек мұнда тіпті Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай да тоқтаған.
Ақерке, тарих пәнінің мұғалімі:
- Мәрия Шоқайдың жазбаларында келтіріледі. Яғни осы Темір қаласында біз үш күн паналадық. Осы үйдің артында өзен ағып жатты дейді. Осы ғимарат, Ахмет Халфе мешіті, шіркеу барлығы қорғауға алынса деген ниетіміз бар.
90-шы жылдардың басында көптеген ірі өндіріс орындары тоқтап, халық үдере көшті. Қазір елді мекенде екі балабақша мен дәрігерлік амбулатория, спорт кешені мен орман шаруашылығы, орта мектеп жұмыс істеп тұр. Алайда шалғайдағы шағын қалада маман тапшы.
Сандуғаш Тасбауова, С. Бәйішев атындағы орта мектептің директоры:
- Қызметке, жұмысқа қабылдау конкурстық форматта жүреді ғой. Конкурсқа көп жастар түсе бермейді. Көп жерлерде қарап отырамыз ғой конкурсқа көп жас мамандар келіп жатады. Бізге некен-саяқ келуі. Себебі статус қала. Жалақыда айырмашылық болады ауыл мен қаланың ортасында. Сонымен қатар жасалатын жағдайға байланысты деп ойлаймын.
Сабыржан Молдағұлов, Темір қаласының тұрғыны:
- Ауылға дипломмен деген бағдарлама бар. Темір қала статусы болғандықтан сол бағдарламадан қалып қойып жатыр. Республикадан қаражат бөлінеді ғой, «Развитие регионов» деген бар. Сондай бағдарламадан қалып қойын жатыр. «Развитие малых городов» деген кезінде бағдарлама болып еді. Оған да кірмей қалдық. Себебі халық саны келмейді. Иә қаланың қатарында жоқпыз, иә ауылдың қатарында жоқпыз.
Темір қаласына ауыл мәртебесін алу мәселесі жергілікті тұрғындар арасында біраздан бері қызу талқыланып келеді. Тарихи атауы өзгермегенін қалайтындар да бар. Бірақ ауылдың күйбің тірлігін кешіп отырған елді мекенде қалаға тән нышан некен-саяқ. Шаһардың шаңы бұрқыраған көшелеріне асфальт биыл ғана төселеді. Көгілдір отын мен ауыз су әр үйге жеткенімен тұрғындар ауласында төрт-түлік ұстайды.
Мұхтар Әкімов, Темір қаласының әкімі:
- Қала болып тарихта тұр, тарихымызда қала болып қалады. Бірақ тұрғындардың көбі жеңілдіктер болмаған соң ауыл болғанын сұрайды. Жалпы тұрғындардың айналысатыны мал шаруашылығы. 36 жеке шаруа қожалықтары бар, үш ЖШС, 5 кооператив жұмыс істейді.
Қазір елімізде халық саны 10 мыңнан аспайтын, аудандық маңызға ие 12 шағын қала бар. Кез келгенін ауыл қатарына қосуға болады. Бірақ құзырлы министрлікке тұрғындардан мұндай ұсыныс түспеген.
Дархан Әділбеков, ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаментінің басқарма басшысы:
- Елді мекеннің мәртебесін өзгертудің негізгі талабының бірі – жергілікті қауымдастықтың пікірі. Яғни тұрғындардың ортақ шешімі негізге алынып, ауылды қалаға немесе қаладан ауылға өзгертіледі. Қазіргі таңда халық саны 10 мыңнан аз аудандық маңызы бар 12 қала бойынша жергілікті атқарушы биліктен Ұлттық экономика министрлігіне мұндай ұсыныс түскен жоқ.
Темір «қала» мәртебесін 1926 жылы алды. 1972 жылға дейін аудан орталығы болды. Сол кезеңде ғана халқы саны 5 мыңға жуықтаған. Кейін ел үдере көшіп, қазір тұрғын саны 2 мыңнан ғана асады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов