Аэротакси, биометрия: Қазақстан авиациясы цифрланады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда қалалық аэротакси мен азаматтық авиация инфрақұрылымын цифрландыру жобалары қолға алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту аясында отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алып жатыр. Сонымен қатар қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысы басталған.

Бұдан бөлек, қазақстандық әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Жаңа технология бақылау уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға қосымша Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларында тағы 16 терминал іске қосылады. Сондай-ақ Астана–Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометриялық сәйкестендіруді енгізу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылады.

Цифрлық технологиялар жүк сегментінде де қарқынды енгізілуде. E-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Сауранбаев.