Биыл Қазақстанда үш жаңа әуежай ашылады
Кендірлі курорттық аймағындағы әуежай осы жылдың төртінші тоқсанында ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан нысан 599 гектарды қамтиды. Жаңа әуежай Қарақия ауданында Каспий теңізінен 13 шақырым жерде орналасқан. Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаның жалпы құны 57 млрд теңге шамасында. Қазір құрылыс жұмыстарының 32%-ы орындалған. Әкімнің айтуынша, Кендірлідегі әуежайда Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа әуе бағыттарын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек биыл ШҚО-да екі әуежай ашылмақ. Олар Зайсан және Катонқарағай аудандарында орналасқан. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Зайсан әуежайы 76%-ға дайын. Әуе айлақ бөлігі толық аяқталды. Қазір инженерлік инфрақұрылым тартылып, көлік жолдарын жасап, қоршауды орнатып жатыр. Ал Катонқарағай әуежайы жартылай дайын. Нысан қыркүйекте тапсырылуы тиіс. Осы жылы екі аэродромды да толық пайдалануға беріп, сертификаттау жоспарланған.